Тұлға

Қош бол, Хабиба Ана!

    Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театр майталманы, ғасырлық ғұмыр кешкен анамыз Хабиба Қарақбайқызы 18 қазан күні өмірден өтті.

Хабиба Қарақбайқызы 1916 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Сонау 1930 жылдары өнер жолын Қарқаралы Халық театрынан бастаған болатын. 1935 жылы Алматыдағы театр студиясын тәмамдап, М.Әуезов атындағы Мемлекеттік Академиялық драма театрында еңбек етеді. Өмірінің соңына дейін сахна төрінде өнер көрсетіп 100-ден астам әйел-ана образдарын сомдап, көрермен көпшіліктің көзайымына айналған талантты актриса еді. Театр сахнасындағы алғашқы рөлі «Арқалық батырдағы» Қаракөзден бастап, «Қарақыпшақ Қобыландыда» – Күнікей, «Қаракөзде» – Текті мен Мөржан, «Абайда» – Қаныкей, Ажар, «Ақсүйектерде» – сопы әйел, «Абай-Әйгерімде» – Ұлжан, «Марабайда» – Мәрияш, «Аманкелдіде» – Ақжан, «Таныс адамдарда» – Рабиға, «Майданда» – Мамық, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Мақпал, «Достық пен махаббатта» – Баян, «Кебенек киген аруларда» – тұтқын әйел, «Таланттар мен табынушыларда» – Донна Андреевна, «Күйеуде» – Зұмрат, «Досымның үйленуінде» Айғаным болып, бәйшешек бойжеткен, бекзат бике, аяулы аналардың біріне бірі ұқсамайтын сан түрлі бейнелерін жаса¬ған екен. «Абай» драмасындағы Қаныкейді 20 жасында ойнаған Хабиба апа сексенінде де сол бейнені сахнада жарқыратқан.

93 жасында «Біржан сал» фильміне түсіп, қолы¬на қамшысын алып, атқа мініп, жұртты тағы таң қалдырған Хабиба анамыздың жарқын бейнесі еш уақытта естен кетпейді. Сондай-ақ, бірнеше көркем және деректі фильмдерге түскен. Өмірлік жары, Қазақстанның халық артисі, дәстүрлі әнші – Жүсіпбек Елебековтің атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауына осыдан бес жыл бұрын арнайы Қарағанды қаласына келіп, қатысушыларға ақ жарқын тілегін айтып, жеңімпазға Жүсіпбек Елебековтің домбырасын сыйға тартқан болатын. Естеліктері, жас әншілерге айтары да, үйретері де мол Хабиба апамыз Мағжан, Сәкен, Ілияс, Қасым өлендерін жатқа айтып, бүгінгі ұрпаққа насихаттап өткен аяулы жан!

Биылғы жылы Хабиба анамыздың 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген мерекелік іс-шараны Қарқаралы, Қарағанды жұртшылығы да атап өтіп, театрдың аңыз Анасы жайында әңгіме-сыр шертіп, бүгінгі ұрпаққа таныстырып, өнегелі ғұмырына саяхат жасады.

Өнерден өмірінің соңына дейін қол үзбей, Қазақ кино-театр саласында еңбек етіп, болашақ жастарға үлгі-өнеге бола білген, бүкіл Сарыарқа даласының мақтанышы, жақсылардың асыл тұяғы, ұлттық сахна өнерінің мәуелі бәйтерегі ғасыр жасап, өмірден өтті.

Асыл ана, сахна шебері, ұлылардың шырақшысы, ғибратты еңбектері мен асыл сөздерін ұрпаққа жеткізген өнер майталманын қарағандылықтар әр уақытта мақтан тұтып, мәңгі есте сақтайды.

 

                                                          Қош бол, Хабиба Ана!

Қарағанды облысының

мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.

Мақаланың газеттегі тақырыбы:

Арқаның Алып бәйтерегі еді

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button