Жаңалықтар

Қос ардагер

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын ұрыс болған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 73 жыл толды. Ел басына күн туып ер етікпен су кешіп, кеудесін оққа тосқан сол бір қиямет күнде аталарымыз ұлтына, тілі мен діліне қарамастан Отаны үшін от кешті.
Сол кездегі адамдардың елге, жерге деген патриоттық сезімін, ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, мәңгі тарихта қалатын Ұлы Отан соғысының арада қанша жылдар өтсе де жанға салған жарасы жазылар емес. Күн санап қатарлары азайып бара жатқан ардагерлеріміз біз үшін ардақты жандар, олардың ерліктері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінде арамызда жүрген тағдырдың талай тауқыметін бастан кешірген аталарымыз бен апаларымызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Ардагерлер алдындағы абыройлы адамдық борышымыз. Бір кездері кеуделері жарқыраған орден медальға толы ақ самайлы аталарымыздан бүгінде арамызда жүрген қос ардагеріміз Жақия Мұсатаев пен Аллияр Хайруллин ауданның мақтанышы.
Жақия Мұсатаев ақсақал 1942 жылдың тамыз айында соғысқа аттанады. Солтүстік-Батыс армиясының Старая Русь Ленинград пен Москва арасындағы Ленин-Октябрь темір жолын бір жылдан аса қорғайды. 1943 жылдың аяғында Харьковқа ауыстырылады. Осы жылы аяғынан жарақат алып, Одесса госпиталінде жатып, бір аяғынан айырылып, комиссияның шешімімен елге оралады.
Аллияр Хайруллин ардагеріміз 1944 жылдың мамыр айында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Осы жылдың тамыз айында Белоруссия фронтында майдан шебінде болып, ірі шайқастарға қатысады. 1945 жылы қаңтар айында кіші командирлер дайындайтын Москва түбіндегі әскери училищеде төрт ай оқып, аға сержант атанады. Әскер қатарына алынған жауынгерлерді жаттықтыру ісін қолға алады. Одан кейін Жапон соғысына қатысып, Манжурияны Жапон басқыншыларынан азат ету және Кеньгу шайқастарына қатысады. 1950 жылы елге оралып бейбіт еңбекке араласады.
Жалындаған жастық шағын жерінің азаттығы мен елінің тыныштығы үшін құрбан еткен аталарымызды өскелең ұрпақ қашанда құрметтейді. Бүгінде тоқсаннан асқан қос ардагер соғыстан кейін туған жерді түлетуге еселі еңбек етіп, балаларының бақыты, ақылшысы, халқының қадірлісі болып отыр. Аудан азаматтарының қос ардагерге деген құрметтері еш сарқылған емес. Мерекелерде құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп, әлеуметтік жағдайларын да назардан тыс қалдырған емес. Күндер өтіп, жылдар жылжығанымен бүгінгі Тәуелсіздігіміздің басты кейіпкерлері болып отырған соғыс ардагерлерінің амандығы біз үшін қашанда маңызды. Олардың есімдері ұрпақ үшін қастерлі, ерліктері де сан жылдар бойы аңыз болып, ұрпаққа аманат болары сөзсіз.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.
Сағыныш ӘБІЛОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button