Спорт

Қоржын бос қалмады

Қарағандыда Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХVIII халықаралық турнир аяқталды. Турнирде облыс құрамасының боксшылары үздік нәтиже көрсетіп жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, жалпы есепте әйелдер командасы – І орын, ерлер командасы – ІІ орын иеленді.  

Турнирге 18 салмақ дәрежесінде 139 спортшы қатысып, өз шеберлігін көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша қарағандылықтар облыс қоржынына 6 алтын, 3 күміс және 6 қола жүлде салды.

70 келіде жұдырықтасқан қарағандылық Жасмин Қизатова қарсыластарын жолда қалдырып, турнир жеңімпазы атанды.

– Бұл менің биылғы екінші медалім. Бұған дейін ел чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым. Ал, бұл турнирге екінші мәрте қатысуым. Жекпе-жек алдында әрқашан уайымдаймын. Кеңес берген және қолдаған жаттықтырушыға рахмет. Жеңіс оңай болған жоқ. Қаңтар айында Азия чемпионатына қатысамын, – деді бойжеткен. Қырғызстан командасының жаттықтырушысы Жылдызбек Ниязалиев те пікірін айтты.

– Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біз жыл сайын қатысуға тырысамыз. Бұл жолы біздің командада алты спортшы бар. Жарыстан екі күміс және бір қола медаль алып кетіп барамыз. Біз мол тәжірибе жинадық. Бұл болашақта жеңіске жетуге көмектеседі.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button