Қорықшыға қас қылғандар сотталды

«Охотзоопром» инспекторы Ерлан НҰРҒАЛИЕВТІ өлтіріп, оның әріптесі Петр НИЦЫКТЫ ауыр жаралаған браконьерлердің соты аяқталды. Ақбөкенге араша түскен қорықшыларға қастық қылған Қызылорда облысының үш тұрғыны – Қайрат Ақшанов, Берік Ахметов және Нұрлан Шүкілдіковтің кінәсі дәлелденіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, осы іске қатысы бар тағы төрт адам алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Сурет: tengrinews.kz

Іс материалдарына сүйенсек, қылмыскерлер алдын ала келісім бойынша Қарағанды облысының Нұра ауданына аң аулауға келген. Олар 17 киікті атып алады. Киіктерге қырғидай тиген топ «Охотзоопром» қорықшыларының көзіне түсіп қалады. Бастапқыда қашып құтылмақ болған. Алайда, ойлағандары болмай, Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке шабуыл жасап, ауыр жаралайды. Сонымен қатар, қорықшылардың қызметтік көлігі мен GPS кілттерін алып кетеді. Осының кесірінен зардап шеккендерге көмек кеш жетіп, Ерлан Нұрғалиев ауруханада көз жұмды.

Сот барлық айыпталушыларды аң аулау құқығынан 5 жылға айырып, 20 және 30 АЕК көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар, олардың жосықсыз әрекетінен мемлекетке келген 89 млн. теңге шығынды өндіріп алу туралы қаулы етті.

Жәбірленуші тарап – Ерлан Нұрғалиевтің туыстары және Петр Ницык соттан моральдық шығындарын өндіріп беруді сұраған болатын. Олардың өтініші жартылай қанағаттандырылды.