Жаңалықтар

“Орталықтың” жанашыры еді

Бет қатталып жатқанда, кейбір беттің олқылау тұсына «Ошкеңнен ештеңе жоқ па?» деп, Ошақбай ағаның ойлы дүниесін салып жібергіміз келіп тұрушы еді. Енді Ошкең бізге хат жолдамайды.

Жарты ғасырдан астам уақыт ұстаздық етіп, зейнет демалысына шыққаннан кейін Октябрь аудандық ардагерлер кеңесіне барды Ошақбай аға. Қызметке емес. Аға буынның қоғамдағы рөлін арттыруға. Жалақысыз жүріп-ақ, талай маңызды жұмысқа ұйытқы болды. Бізге жиі соғып тұратын. Бір келгенінде «Ақсақалдарға латын әліпбиін үйретуге кірісіп кеттім. Қол тимей жүр» деп аттанған. Енді бір келгенінде «Айналамдағы ақсақалдардың барлығына «Орталық Қазақстанды» жаздырдым. Сендердің «Жаңғыру жазудан басталады» айдарымен беріп жүрген әдістемелік бағандарың тамаша көмекші құрал болып тұр» деп кетті.

Мектепте жүргенінде де, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өзінің сүйікті «Орталығынан» қол үзген жоқ. Редакцияның шығармашылық ұжымына ақылшы, басылымға жанашыр болды. Өзі де белсенді жазып тұрды. Бүгінгі техниканың тілін меңгере алмай кеткен замандастарындай емес, бізге қолжазба тапсырып көрген жоқ. Жазған дүниесінің электрондық нұсқасын бірге тапсырып, жұмысымызды жеңілдетіп тастайтын. Соңғы рет ұлы Абайға арналған «Мәңгілік жұлдыз» өлеңін тапсырып тұрып: «Енді мазаларыңды алмаспын» деп еді… Солай болды. Жазу тоқтады.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы ұлағатты ұстаз, қаламдас аға, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ошақбай Суханберлиннің отбасы, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Бақұл болыңыз, қадірлі қаламдас, ақылшы аға!

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы.

Басқа материалдар

Back to top button