Жаңалықтар

Орта Азияда баламасы жоқ: Бір мезетте 235 мың мүміннің құлшылығы

Жалпы, жамағат жиналып, Жаратқанға жалбарынар орынның таза әрі әдемі болуы шарт қой. Тіпті, намазға тұрардың өзінде таза, әдемі киініп, Жаратушының алдында иіс су сеуіп, таранып-қаранып бас иген. Нағыз иман мен сенім мұсылманды адастырған емес. Жер бетінде мұсылман құлшылық жасар мекен көп. Солардың ерекшесі де жоқ емес. Оның бірі – 2022 жылы Астанада бой көтерген бас мешіт. Ол – Орта Азиядағы ең үлкен мешіт. Саф сәулетімен әлемді аузына қаратқан төрткүл дүниедегі ондық мешіттің қатарынан ойып орын алды. Құдайға құлшылық қылғандар да, сырттан келген туристер де бұл күні тамсанады. Дүйім жұрт осынау орталық мешітке ат басын бұрмай кетпейді.

Мешіттің салтанатты ашылуы жұма күнімен тұспа-тұс келіп, бір мезгілде 2 мыңға жуық жамағат сәж­деге бас қойған-ды. Бұл да елі­міздің ең елеулі жаңалығына айнал­ғаны мәлім.
Расы керек, мешіт қозы көш жерден көз тартады. Көкке ұм­тылған күмбезінен бастап, аумағының абаттануы сол араға табаны тиген пенденің тәубесін еске түсірмей қоймайды. Құрылысы ғажап. Энергетикасы ерен. Көрген мүмін күнәдан тазарып, кінәдан арылғысы келгендей тылсым әсері бар.

Мешіт алған жер телімінің ауданы 10 гектарды құрайды. Ал, жалпы ауданы – 68 062 шаршы метр. Оның үлкен күмбезінің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт бұрышында төрт мұнарасы бар. Мұнаралардың биіктігі 130 метрден.

Сонымен қатар, мешіттің жер­асты қабатында 440 адамға арналған асханасы, 405 орынға арналған жабық автотұрақ, вестибюль, дәретхана, техникалық және діни қызмет көрсететін, құрбандық шалатын және басқа да керекті арнайы орындары бар.

Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек, оқу сыныптары, мәжіліс залы, неке залы, Құран оқу залы, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, музей және техникалық бөлмелер де қамтылған. Мешіттің жалпы сыйымдылығы – 235 мың адам.

Сондай-ақ, ғимараттың ашық алаңына шамамен 200 мың адам жайғаса алады. Әр залда бір мезгілде 30 мың ер адам мен 5 мың әйел намаз оқи алады.

Сондықтан да, елордаға жолы түскен мұсылман қауымы мынадай мешітке бас сұқпай кетпесе керек. Бұл әлемнің тоғызыншы кереметінің көрінісін көрмеу болар еді…

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.а) «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген екен.

Мейірім мен шапағат һәм бейбітшілік жаршысына айналған ғибадатқа толы дініміз Исламның ең үлкен құндылықтарының бірі – мешіт. Мешіт сөзі «масжид» сөзінен шығып, «сәждеге бас қоятын орын» деген мағынаны білдіреді екен. Ал, шариғатымызда: «Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен» деген ұғым да бар. Расында, мешітті көңілі жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп, қиналып жүрген адамдар демеу көретін жер деп те атауға болады. Қысқаша айтқанда, момын мұсылманның жанына шипа табар жалғыз мекені. Сондықтан, мешіт деген кезде ең әуелі оның сыртқы зәулім көрінісі ғана емес, адам жүрегін рахатқа кенелтіп, жан-дүниесін тебірентер рухани жағы еске ерекше түсуі керек шығар.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button