«Бөкетов ұландары» XVII республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды
Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде жоғары оқу орындары арасында өтетін пәндік олимпиадалардың жөні бөлек. Биыл Алаш астанасы Семейде Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына орай ұйымдастырылған XVII республикалық пәндік олимпиадада аймақ намысын ту еткен тарихшы студенттеріміз І орынды қанжығаға байлады. «Алаш һәм Алашорда: мемлекеттілік үшін күрес» тақырыбын қаузаған бұл білім бәйгесінде тарихшы жастардың танымы мен талдау қабілетін таразыға салынды.

Пәндік олимпиада – жалаң білімнің емес, ғылыми ізденіс пен аналитикалық ойлаудың нақты өлшемі. Шәкәрім университеті базасында өткен республикалық олимпиадаға Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларынан және еліміздің барлық қиырынан ілгерінді-кейінді 20 команда қатысты. Әрқайсысы сайдың іріктеліп жиналған тасындай сақадай сай дайындықпен келген.
Айта кету керек, біз де бұл биікке оңайлықпен шыққан жоқпыз. Наурыз айының басынан бастап Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының ең үздік, ізденімпаз, алғыр студенттерінен арнайы топ жасақтадық. Олар – мақтанышымызға айналған білімді шәкірттеріміз Ринат Алишев, Нұрай Мәжкен, Әмина Жұмажанова және Нұрдәулет Пайзилбеков. Топтың атауын «Бөкетов ұландары» деп бекітіп, бір ай бойы табанды дайындық жүргіздік.
Дайындық барысында зерттеу жұмысымыздың алтын арқауы ретінде мынадай ғылыми тұжырымды негізге алдық: «Алаш қайраткерлерінің саяси ұстанымдарының қайнар көзі – қазақ халқының мыңжылдық дәстүрлі мемлекетшілдік тәжірибесінен, хакім Абайдың ағартушылық ілімінен және халық дүниетанымындағы үздіксіз білімге деген ұмтылысынан нәр алады». Бұл бағыт біздің ұландарға құрғақ деректерді жаттап қана қоймай, тарихи үдерістерді тұтас пайымдауына, Алаш идеясының терең тамырын ұлттық мемлекетшілдікпен сабақтастыра талдауына зор мүмкіндік берді.
Әлихан Бөкейхан есімімен ұштасқан жарыстың жүгі жеңіл емес. Ұлт көсемінің рухы алдындағы жауапкершілікті терең сезінген студенттеріміз сайыс барысында ерекше жігер мен мінез танытты. Екі күнге созылған олимпиада бес күрделі кезеңнен тұрды. Сол сындарлы сәттердің барлығында «Бөкетов ұландары» білім мен білікті, ұшқыр ой мен шешендікті қатар танытып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Нәтижесінде, еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 20 мықты команданың ішінен суырылып алға шығып, Бас жүлдені – І орынды қанжығаға байлады.

Семей төріндегі бұл жеңістің біз үшін рухани мәні де орасан зор. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермеков сынды Алаш алыптарының ізі қалған қасиетті өлкеде білім бәйгесіне түсіп, туған жерге олжалы оралу – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш.
Олимпиада жеңімпазы болу – кез келген оқу орны үшін үлкен абырой. Себебі, мұндай додаларда жастардың тарихи танымы, талдау қабілеті, ғылыми ұстанымы мен командалық ауызбіршілігі қатар сыналады. Осы орайда, XVII республикалық пәндік олимпиаданы жоғары деңгейде, мінсіз ұйымдастырған Шәкәрім университетінің Тарих кафедрасының профессор-оқытушылар құрамына риясыз алғыс білдіреміз. Білім додасының әділ әрі мазмұнды өтуі – ұйымдастырушылардың жоғары кәсіби біліктілігінің көрінісі. Ал әділдік туын жықпау – нағыз мемлекетшіл мінездің белгісі.
Ел болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті, тарихи санасы сергек жастардың қолында. Бүгінгі жас ұрпақтың бойында білімге құштарлық, елдік сана, мемлекетшілдік ұстаным қалыптасуы үшін дәл осындай зияткерлік алаңдардың берер тәлімі мол. Ал, сол текті ұрпақты тәрбиелеу – тек ұстаздар қауымының ғана емес, тұтас қоғамның қасиетті борышы!
Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы



