АймақЖаңалықтар

Екі айда сегіз мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Көктем келіп, жер аяғы кеңіген шақта қала тұрғындарының аула тазалап, қоқыс қалдықтарын жинауды дағдыға айналдырғаны қуантады. Бұл – қоғамда тазалық мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанының айқын көрінісі. Осы игі бастамадан Ә.Бөкейхан ауданы әкімдігі де тыс қалып отырған жоқ. «Таза Қазақстан» акциясы аясында үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде «Қазақстанның 50 жылдығы» көшесінде ауқымды сенбілік жасап, қоқыстан тазартты.

Суреттерді түсірген автор

Аудан аумағындағы тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін нақты инфрақұрылым да ескерілген. Жалпы ұзындығы 420 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен 185 шақырым жаяу жүргіншілер тротуарларын күтіп ұстау – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Бүгінде осы аумақтарды тазарту жұмыстарына 10-нан астам мердігер ұйым жұмылдырылыпты. Қар ерігеннен бергі аралықта ауданнан сегіз мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.

– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан көлемінде тазалық жұмыстары жүйелі түрде басталды. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақтала отырып, ағаштарды штамбтық кесу, ірі көлемді және кездейсоқ қоқыстарды шығару, жол жабынын жуу, сондай-ақ жол жиегін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, көше жарық шамдары тексеріліп, қажет болған жағдайда ауыстырылып жатыр, – деді Ә.Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Кулекеев.

Сонымен қатар, аудан әкімі аталған акция аясында тұрғындардың белсенділігін арттыру мақсатында «Үздік аула» байқауының да өткізіліп жатқанын атап өтті. Бұл бастама аула тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындарды ынталандырып, ортақ мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

– Байқауға көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары, жеке секторда тұратын азаматтар да қатыса алады. Бұл жұмыстар тек акция аясында ғана емес, ең алдымен өзіміз үшін атқарылып жатыр. Бұл – қалыптасып келе жатқан ортақ мәдениетіміз. Жыл сайын үздіктерді анықтап, арнайы марапаттаймыз. Бағалау кезінде аула тұрғындарының ұйымшылдығы мен тазалыққа деген көзқарасы басты назарға алынады. Сондықтан, барша тұрғындарды осы игі бастамадан қалыс қалмауға шақырамын. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың міндеті, – деді Досбол Батырбекұлы.

Тазалық жұмыстарына тартылған «Жилкомхоз» ЖШС қызметкерлері екі ауысымда еңбек етуде. Осыған сәйкес, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында арнайы техникалар да екі бағытқа бөлініп, тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуге жұмылдырылған.

– Қар ерігеннен бері біз екі ай бойы күшейтілген режимде екі ауысыммен жұмыс істеп келеміз. Бірінші ауысым қызметкерлері күн сайын таңғы сағат 5:00-ден бастап жолдарды сыпырып, су себу жұмыстарын бастайды. Көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жұмысқа ерте кіріседі. Ал, екінші ауысымдағылар МТЗ тракторларының көмегімен көшелерді тазалау жұмыстарын жалғастырады. Жалпы, біздің жұмыс екі кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңге қар еріген соң жасалатын жұмыстарды жатқызамыз. Яғни, жиналған қоқыс қалдықтарын тазалап, ағаштарды кесу жұмыстары жатады. Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін екінші кезең, яғни, жазғы маусым басталады. Бұл уақытта бір ауысымдық жұмыс тәртібіне көшіп, көшеттерді суару, автомобиль жолдарын жуу, аялдамаларды бояу, ағаштарды әктеу секілді жұмыстарды атқарамыз, – деді жол учаскесінің шебері Алтынбек Тұрсынов.

Дегенмен, жұмыс барысында бірқатар қиындықтардың да бар екені айтылды. Атап айтқанда, автотұрақтарды жуу кезінде кедергілер жиі туындайтын көрінеді.

– Қазіргі таңда көлік саны айтарлықтай артқан. Автотұрақтарда бос орын тапшы. Кейде ине шаншар жер болмайды. Соның салдарынан автотұрақтарды сапалы түрде жуып-тазалау жұмыстары қиындайды, – дейді Алтынбек Тұрсынов.

Қорыта айтқанда, көшелердің тазарып, аула аумақтарының ретке келуі бір ғана мекеменің еңбегі емес. Тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігінің жемісі. Әлихан Бөкейхан ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар осы ойды айқын дәлелдейді.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button