АймақБас тақырып

Қарағанды облысында 860-тан астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасты

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қарағанды облысында жыл басынан бері 860-тан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылды. Бұл санатты еңбекке тарту үшін өңірде барлық қолдау тетіктері іске қосылған: бос жұмыс орындарына жолдама беру, арнайы жұмыс орындарын құру, сондай-ақ өз кәсібін бастауға арналған гранттар қарастырылған.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

2026 жылы өңірде мүгедектігі бар азаматтарға арналған жұмыс орындарына квота 291-ге дейін ұлғайтылды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесін жеке бақылауында ұстап отыр. Кезекті кеңесте ол бұл жұмысты, әсіресе бизнеспен өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін тапсырды.

– Бұл мәселемен белсенді түрде айналысып, тәсілдерді қайта қарау қажет. Бізде жаңа кәсіпорындар ашылуда, онда да мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құруға болады. Сөйлесіңіздер, нақты мысалдар көрсетіңіздер. Тағы да атап өткім келеді: әлеуметтік қолдау және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту біз үшін басым бағыт және жалпы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады. Квотаны ұлғайту, сондай-ақ ақпараттық жұмысты күшейту қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, облыста 54 690 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады, олардың жартысы еңбекке жарамды.

Басқарма басшысы Ғалымжан Спабековтың айтуынша, жыл басынан бері квота аясында 153 адам жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, процесті толық бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе енгізілген. Электрондық еңбек биржасында квота белгіленген жұмыс берушілердің тізімі жарияланған, ал мансаптық орталықтар жұмыс іздеушілерге белсенді түрде көмектеседі. Квотаның орындалмауы туралы мәліметтер автоматты түрде еңбек инспекциясына жолданады.

Одан бөлек, өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған JOB COACH жаңа жобасы іске қосылды. Жоба аясында мансаптық орталық мамандары жұмысқа орналасқан азаматтарды толық бейімделгенге дейін сүйемелдеуге арнайы оқытудан өткен. Сондай-ақ Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға кеңес беру және жұмысқа орналастыру орталығын ашу жоспарланып отыр.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button