Ордалы отбасы мерейі
Еліміз егемендік алғаннан бергі жылдарда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанға алыс-жақын шет елдерден 1 084 692 қандасымыз көшіп келген екен. Жалпы, әлемде Израиль мен Германиядан кейін қандастарын қабылдап жатқан мемлекет Қазақстан ғана. Қазір олар біздегі қазақ ұлтының 12 пайызын құрап отыр. Солардың бірі – көршілес Монғол Халық Республикасынан ежелден ата-бабасының от жағып, күл төккен орнына келіп түтін түтетіп отырған Абай ағамыз.
Ол бүгінде өзіміздің Топар кентінде тұрады.
– Мен Қазақстанға жан бағып, күн көру үшін табан тірегенім жоқ. Мақсатым өзімнен өрбіген ұрпағымды тәуелсіз Қазақстанға жеткізіп, осында өркен жайғанын көздегендік, – дейді бірден Әбекең бұл жөнінде.
Айтса айтқандай, Моңғол жеріндегі қаракөз бауырларымыздың тұрмыстары нашар болмаған. Ондағы өмір салты мен білім беру ісі кешегі біздің кеңестік жүйеден аса айырмасы жоқ-тын. Баян-Өлгей аймағының орталығында 1950 жылдың 10 наурызында дүниеге келген Абай Бекейұлы да сол үрдіспен туған жеріндегі орта мектепті, одан кейін ел астанасы Улан-Батор қаласындағы педагогикалық институттың биология факультетін 1979 жылы бітіріп, қызметке араласты. Бұл мамандықты таңдауына Монғолиядағы мықты мұғалімдердің бірі болған марқұм әкесі Бекей Мәмиұлының әсер еткені де рас. Қырық жылдай оқу-ағарту саласында тер теккен ол ұстаз да, мектеп директоры, аймақтық мәдениет, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, сұмын (біздіңше кеңшар) бастығы болып, «Халық мұғалімі» атағын алған. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, МХР-дың «Алтын Жұлдыз» және «Еңбек» ордендерімен, «Құрмет», тағы да басқа медальдарымен марапатталған. 1976 жылы қайтыс болып, туған жері Сақсайда жерленген.
Ал, Әбекеңнің анасы Оңайжан бірыңғай бала тәрбиесімен айналысып, әкесімен бірге екі ұл, төрт қыз өсіріп, ел қатарына қосады. Сонымен жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман Абай Бекейұлы алғаш еңбек жолын ұстаздықтан бастап, 1976 жылдан 1998 жылға дейін Баян-Өлгей аймағының Бұянты, Ұланқас, Делуун, Алтай, Сақсай сұмындары мектептерінде бастауыш сыныптың, өз пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, директордың орынбасары, сұмын партия ұйымының хатшысы, аймақ әкімінің іс басқару органының (аппаратының) басшысы, Азаматтық өкілдік құрылтайының (мәслихатының) төрағасы қызметтерін атқарады. Сонда жүргенде жоғары санаттағы ұстаз, Монғолия білім беру ісінің үздігі, шахматтан 1 дәрежелі спортшы атанды. 1973 жылы Монғолия медицина институтының түлегі Қамар Қатапқызымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Жоғары оқу орнынан дәрігер-гинеколог мамандығын алып шыққан ол дәрігерлік қызметінде мыңға тарта сәбидің кіндігін кесіп, жарық дүниені аман-есен көруіне себепші болған. Өзі де ағамыз екеуі өмірге әкелген төрт ұл мен үш қыздың анасы болып, МХР-дің 1,2 дәрежелі «Ана даңқы» (Батыр ана) орденін алып, зейнетке шыққан. Қазір Әбекең екеуі балаларынан көрген 15 немере-жиенінің қызығына тоймай, бір үлкен әулеттің басы болып отыр.
Қазағымыз «Жақсы болса балаңыз, жарқырап шыққан күнмен тең, жаман болса балаңыз, көз алдында жүрген жынмен тең» демекші, Құдайға шүкір, бұл үйдің ұл-қыздары тегіс аяқтанып, жоғары білім алып, өмірдегі өз орындарын тауып, әр салада еңбек етуде. Соларға сай келіндері мен күйеу балалары да түгелдей жоғары білімді. Атап айтқанда, балаларының үлкені Ақан мен үшіншісі Шыңғыс – құқық қорғау органдарының қызметкерлері, екеуі де майор шенінде. Ал, Ақыны мен Алтайханы Қарағанды политехникалык институтын тәмамдаған. Қыздары да жоғары білімді мамандар: Розасы – дәрігер, Раясы – экономист, Ризасы – мұғалім. Міне, осыған қарап, Абай ағамыздың балаларын Ата жұртына алып келіп, қауыштырғандағы мақсатының орындалғанын көргендей боламыз.
Менің Әбекеңді танып-білгеніме де 11 жылдан асты. Екеуміз Топар кентінде бір көшенің бойында тұрғандықтан, жиі кездесіп, әңгіме-дүкен құрамыз. Сондай сәттерде поэзия мәдениет, тарих жайында көп сөз етеміз.
Әсіресе, жасынан өлең-жырды жанына серік еткен ағамыз бұл тақырып қозғалғанда жанып кетеді. Оның туындылары Баян-Өлгейдің аймақтық газетінде жарық көрсе, елге келгелі Абай, Шет аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Осы жолдағы жыр бәсекелерінде де қанжығасы кұр емес. Атап айтқанда, Абай ауданында өткен «Иманды елге нұр жауар», Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйралардың бірінде жүлдегер, екіншісінде жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, мәуліт мейрамына орай «Ғаламның рақым нұры» атты облыстық байқауда жүлде алып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне өткізілген «Қайран ерлер – қаһарман ерлер» облыстық фестивалінің дипломанты болды. Енді, ол осы өлеңдерін топтастырып, жинақ етіп шығару қамында. Бұған дейін Абай ағамыз 2014 жылы әкесі туралы естелік кітабын шығарған-ды.
Қазірде жасы жетпістен асқан Әбекең бейнетінің зейнетін көріп, бала-шағасының ортасында шадыман өмір кешуде. 2014 жылға дейін, құрметті демалысқа шыққанша Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектепте өз пәні бойынша сабақ беріп, Шет ауданындағы Нұраталды ауылында орта мектеп директорының орынбасары, кейінгі кезде Топар кентінің Абай атындағы орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген.
Міне, елуінде елім деп елжіреп келіп, Ата жұртында абыройға бөленіп, ақсақал атанған Абай ағамыз жайында әзірге айтарымыз осы.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz