Бас тақырып

«Оракул» бағдарламалық кешені бар автобустар жолға шықты

Аймақта жыл басынан бері 630 жол көлік оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 117 адам қаза тауып, 844-і түрлі жарақат алған. Осы мәселенің алдын алу мақсатында өңірде «Оракул» бағдарламалық кешенімен жабдықталған автобустар жолға шықты. Яғни, олар жол қозғалысы ережелерін бұзған жолаушыларды тіркеп, айыппұл салады. Әзірге бұл жоба тек сынақ режимінде ғана қолданылатын болады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша:

– «Оракул» бағдарламалық кешені бар маршруттық автобустарды әзірге сынақ мерзімімен жолға шығардық. Көлік Қарағанды облысы бойынша жүретін болады. Осы автобустың көмегімен түрлі жол апатының алдын алып, жол ережесін бұзғандарды анықтайтын боламыз. Сонымен қатар, тамыз айынан бастап «Ekin Patrol» қызметін енгіздік. Ол дегеніңіз, түрлі-түсті графикалық белгісі жоқ қызметтік автокөліктерге бағдарламалық кешендер орнатып жолға жібереміз. Яғни, жасырын түрде патруль жүргізеді. Мұндағы мақсат – әкімшілік айыппұл салу емес, жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау, – деді.

Айта кетейік, өңірдегі жол көлік қозғалысы ережелерін бұзғандарды анықтау мақсатында автобустарға 180-нен астам бағдарламалық кешен орнатылған. Оның ішінде «Аргус-жаяу жүргінші» кешені де бар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button