Жаңалықтар

Оо бағытпен-үздік отыздыққа

     Жыл сайын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жолдауын асыға күтетініміз бар. Игі бастамалар, дамудың жаңа бағыттары ресми құжаттан бастау алады. Себебі, Ел Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы биылғы Жолдауы да ырысымызды еселеп, биік белестерді бағындыруға жол ашады.

Негізінен, Мемлекет басшысы белгілеген әр міндет маңызды екенін жақсы түсінуіміз керек. Индустрияландыру технологиялардың дамуымен тікелей байланысты. Ал, агроөндірістік кешен ақылды технологияларға тәуелді. Құрылыс саласына қажетті соны серпін де технологиялармен сабақтас.

Мемлекет басшысы айтқандай, «Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді».

Және әлем көшбасшыларының, алпауыт мемлекеттердің қатарына қосылу үшін Қазақстанның қуаты да, әлеуеті де зор.

Көзі ашық, көкірегі ояу азамат жақсы түсінер. Биылғы Жолдау «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының заңды жалғасы ретінде бізді «Мәңгілік Ел» идеясы жолында бір арнаға тоғыстырады. Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру міндеттері де Елбасы Жолдауында көрініс тапқан.

Біздің аймақта – Қарағанды облысында да, әдеттегідей, Президент тапсырмасына орай, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға, өңірлердің тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүйелі жалғасын табады. Биылғы Жолдаудан туындаған міндеттерді жер-жерлерде жүзеге асыру үшін «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарамыз».

Тоғыз жолдың торабындағы Қарағанды өңірі – Қазақстанның индустриалдық жүрегі. Президент айтқандай, Индустриаландыру жаңа технологиялардың көбасшысына айналуы тиіс. Жолдаудағы он міндет осыдан бастау алады.

Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту мақсатындағы жұмыстарға көз салсақ, біздің облысымыз көш ілгері. Заманауи технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін арттыру, құрылыс саласын жаңғыртып, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу де аса маңызға ие.

Аймағымызда халыққа сапалы қызмет көрсету, елді әлеуметтік қорғау, зейнетақы жүйесін жетілдіру, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және «Цифрлық Қазақстан» жобасын тиімді жүзеге асыру да қарқынды жүргізілуде.

Білім беру, денсаулық сақтау салаларына да мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп, жыл санап оң өзгерістер мен олжалы істерге қол жеткізудеміз. Алдағы уақытта да мұндай қамқорлық жалғасын табады. Мәселен, Елбасы өз Жолдауында: «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын», – деп, көптің көңілін толтырып, мерейін асырды. Елдің игілігіне жол тартқан Жолдаудан бастау алар жағымды жаңалықтар мұнымен шектеліп қалмасы да анық.

Көпэтносты еліміз ынтымық пен ауызбіршілік қана берекеге, молшылыққа кенелтетінін жақсы түсінеді. Біз бейбіт еліміздің шаңырағы шайқалмауы үшін, дамыған отыз елдің қатарынан көріну үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын қызу қолдаймыз!

Көреген Көшбасшымыздың сөзімен ой түйсек, «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек»!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

облыстық

мәслихат депутаты,

ҚХА мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button