Жезқазған

Қоныс аудару қияметі

Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау аймағын әлеуметтік- экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарында Жезқазған кенті мен оның төңірегіндегі Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елді мекендері тұрғындарын көшіру қарастырылған. Соған сәйкес, бұл көші-қон бағдарламасы 2015-2016 жылдары жүзеге асырылуға тиіс еді. Міне, Тышқан жылының табалдырығын аттадық, ал көштің соңы көрінетін түрі жоқ. Бастапқыда 2657 (кейбір құжатта — 2801) отбасын көшіру көзделсе, қазіргі қалғаны – 520. Әлі бестен бір бөлігіне жуығы қоныс аудару кезегін күтіп отыр. Әрине, мұндай ауқымды шаруаның шалғайына жармасып, кедергі келтіретін қиындық көп. Біз соның құрылысқа қатыстысын қаузамақпыз.

ҚЫРЫҚ ЖЫЛДЫҚ «ҚЫСЫР ӘҢГIМЕ»
Жалпы кені алынған кеңістіктің үстіндегі елді қауiптi қоныстан көшiру – қырық жыл «қысыр әңгiмеге» тамызық болған тақырып. Қалай? Қысқа қайырғанда, былай: кезiнде Ком партия ның шақыруымен жан-жақтан жинал ған жұрт жайлы жағдай, қолайлы қоныс талап етпеді, кенiшке жақындықты көздеп, кен өндiрiп жатқан шахтаның маңайынан жобасыз баспананы балалатты.
Бау-бақша ектi, мал ұстады. Бұл тiрлiкке ке ңестiк билiк те қырын қарамады. Әркiм өз бетiмен үй салып, жан бағып жатса, жағаласып жыны бар ма?! Бiрақ, жоспар қуалап, тек құрамы құнарлы кенге көз тiгiп, жүйесiз жұмыс жүргізген кезде кеткен кемшiлiк пен қауiпсiздiк шарасын сақтамау салдарынан жетпiсiншi жылдары жер опырыла бастады. Адам тағдыры тығырыққа тiрелдi.
Оларды қауіпсіз жерге көшiру күн тәртiбiне қойылғанда, бұл жауапты мiндеттi өкiметтiң өкiлi — қалалық атқару комитетi мен одақтық Түстi металлургия министрлiгiне тiкелей бағынатын Жезқазған кен-металлургия комбинаты мойнына алды. Бiрiншiсi — бiреудiң қо лына қарап отырған бейбақ. Ал, материалдық ресурс пен қомақты қаражат қуатты комбинатта ғана бар.
Өкiнiшке қарай, кез-келген мәселені Мәскеу мақұлдаса ғана шешетін комбинат басшылығы, жергiлiктi билiктiң сөзiн жүре тыңдады. Соның салдарынан кейде әлеуметтiк қажеттiлiкке не қаржы, не материалдық ресурс «табылмай» қалатын. Сондай салқын көзқарастан он жылдың бедерiнде шағын екi елдi мекен: «Комсомол» мен «Төртiншi ауыл» әрең дегенде қалаға қарай қоныс аударды.
Жылда мем лекеттiк деңгейде шешiм қабылданып, қаражат көлемi, оны игерушi мен нысанды iске қосу мерзiмi айқындалғанмен, көпшiлiгi қағаз жүзiнде қалды. Өйт кенi, комбинат қоныс аударатындарға тұрғын үй салуға келгенде қысқа күнде қырық сылтау тапты. 1982 жылы көктемде Жезқазған облыстық атқару комитетi кезектi кестесiн бекiткен бағдарламаның да бағы жанбады.
Келесi жылы комбинат қоныс аударуды қысқа мерзiмде, бес жылда аяқтауды көз деген өз ұсынысын алға тартты. Онда мәдени және әлеуметтiк-тұрмыстық жағдай жайына қалды, халықтың мұң-мұқтажы ескерiл медi. Ең бастысы, құрылыс ұйымының қуаты мен мүмкiндiгi дұрыс есептелмедi. Ақылға қонбайтын асығыс ұсыныстың да өмiрi ұзаққа бармады.
1988 жылы қазанда кендi аймаққа КСРО Министрлер Кеңесi төрағасының орынбасары Ю.П.Баталин бастаған комиссия кел дi. Ол Жезқазған облыстық атқару комитетiнде кеңес құрып, тұрғын үй салуды жеделдетуді қаузады. КСРО Түстi металлургия министрiнiң орынбасары Б.И.Колесников қосымша қаражат бөлуге уәде бердi. Кеңестен кейiн бәрi жайына қалды…
«АДАСҚАН «АТЫМТАЙ…»
Осылай әрi-берi ырғатылып жүргенде Одақ ыдырады, экономикалық байланыс ы быт-шыт болған кен-металлургия комбинаты қиындықтың қыспағында қалды. Ал, аймақ үшiн өткiр мәселенің маңызы одан әрі артты. Тұрғындарды көшiру тағы күн тәртiбiне шықты.
Айырмашылық: бұрын әңгiме «қауiптi қоныстан көшiру» туралы болса, ендi мәселе «қазба байлығын өндiру үшiн жер телiмiн ерiксiз мемлекет меншігіне алу» деп, төтесiнен қойылды. Елдi кө шiру шығынын мемлекет мойнына алды, аймақты дамытудың кешендi жоспарына енгiздi.
Жезқазған кентi мен оған iргелес 3-4 елдi-мекенді (6075 адам немесе 2657 отбасы) кезең-кезеңімен көшiруге бюджеттен 35 миллиард 397 миллион теңге қарастырылды. Оның 18 миллиард 580 миллион тең гесiн үй салуға, 16 миллиард 817 миллион тең гесiн инфрақұрылымға жұмсау көзделді.
Былай қарасаң: мақсат – ай қын, мiндет – белгiлi, қаражат – қалтада. Бiрақ, менің айтпағым бұл емес. Мемлекет мұқтажына қажетті жер телімін сатып алумен қыруар қаражат құйып отырған мемлекеттің өзі емес, «Инвест Гермес» және «Инвест Гермес Плюс» фирмасы айналысты.
Біздің қолда тағы бір қызық құжат бар. Ол – Жезқазған кенті тұрғыны мен «Гермес Стил Инвест» (қаптаған «Гермес» – авт.) компаниясы арасында жасалған жер телімін меншіктеуге құқық беретін жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату келісім-шарты.
Бәлкім «қызық» емес, қынжылтатын құжат шығар? Мүмкін! Әсіресе, 5.1; 6;7 тармағы таңдандырады. Мәселен, мәмілеге келген жаққа ортақ келісімнің шартын «құпиялау» қаншалықты қажет? Әкім аппараты келісімінің керегі не? Сәтбаев қалалық ТКШ, жолаушы көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қатысы қанша?
Ал, мына мәліметті кім, қалай қабылдайтынын білмей отырмын: жаңағы бірнеше жекеменшік фирма қыруар қаражатқа жылжымайтын мүлкімен бірге сатып алған жер телімін мемлекетке «сыйлаған»! Неге? Қайдан шыққан «Атымтай жомарт»?
Бұл – тиісті органның «тісі» батпаса, журналистің «жіліктеуіне» көнетін сауал емес. Қазақша тәржімалауға көне қоймайтын «дериликция» деген түсінік бар. Мағынасы – апат болу қатері төнгенде экипаждың кемені тастай қашуы. Адасқан «Атымтай жомарттың» тірлігі соған ұқсайды.
Маған белгілісі: «Қазақмыс» нотариус арқылы 319 жер телімінен бас тартқан. Соның негізінде қала басшылығы әділет басқармасына шығып, ол оны қараусыз мүлік ретінде тіркеуге қойған. Заңнамаға сәйкес, бір жыл өткен соң, сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылады…
КҮҢКІЛІ КӨП КОТТЕДЖ
Кеншiлер қаласының шығысына екi пәтерлiк 24 коттедж салынатын болып, 2014 жылы «Қазақмыс қа» қазынадан 639 миллион 242 мың теңге қаражат бөлiндi. Кейін «Бір миллиард жұмсалыпты» дегенді естідік. Бұл – нақтыланған ақпарат емес. Ал, Сәтбаев қаласы әкімдігінің ақпаратында «417 миллион теңге» көрсетілген. Мәселе қаржы жөніндегі деректің дәйексіздігінде емес, коттеджге қатысты күңкілдің көптігінде.
Бас мердiгерлiкке компанияның «КазЦентрСтрой» кәсiпорны (бұрынғы «Қазмысқұрылыс» тресi – авт.) бекiтiлдi. Көмекшiлiкке «Қазақмыстың» қазанынан «жүрек жалғап» жүрген бірқатар ұжым тартылды. Жоғары жақтан бiреу келсе, желпiлдеп сол құрылыс алаңына алып барды. Сөйтiп жүргенде, құр меттi қонақтың сапары сап тыйылды.
Коттеджге қа тысты әңгiме саябырлай бастағанда, 2015 жылы ақпанда жергiлiктi телеарна жетi адамға кiлт тапсырылғанын көрсеттi, газет «жағымды жаңалықты» жарыса жазды. Басшылық қар кетісімен аумақ сәулеттендіріліп, асфальт төселетініне сендірді. Тіпті, шашу шашылып, алғыс ақтарылған салтанатты «Хабар» телеарнасынан көрсетті.
Сол салтанатқа себеп болған коттеджді қазір көрсең, көңіл құлазиды. Бәрінің сырты тегіс бір түсті қаптамамен «тысталған» үйдің ауласында да, айналасында да көзге түсетіні – тек қалың қурай. Тротуарда төңкерілген — тас плитка, ал асфальт таяуда төселген деуге ауыз бармайды. Кепкен балшықтың бетіндегі сортаңға салынған нәрсе қайдан оңады?
Осал есіктің орнына керемет қақпа орнатқан екі үйден басқасының маңайында тіршілік нышаны байқалмайды. Коттедждің құрығанда жартысы — бос! Бір бөлігі тоналған. Гараж орнына қойылған темір қорап тоттана бастапты. Бау-бақшадан белгі де жоқ. Өйткені, сортаңға қурайдан басқа ештеңе өспейді.
Жоғарыда осы 24 коттеджге жұмсалған қаржы туралы дерек әртүрлі екенін айттық. Соның әкімдік ақпаратында көрсетілгенін алайық – 417 000 000 теңге. Демек, әр коттедж 17 375 000 теңгеге немесе сол кездегі бағаммен алғанда 95 500 долларға түскен. Бағасы былай жобаға келеді. Осыншама қаражатқа салынған коттеджден ел неге қашады?
Бұдан екі-үш жыл бұрын «екі басты 107 коттедж салуға 1 миллиард теңге бөлінді» деген ақпарат тарады. Рас, «миллиард» дегенді естігенде, ептеп мықшиып қаласың. Бірақ, бір коттеджге 9 345 000 теңгеден келетінін білгенде, еріксіз ойланасың: валютаның қазіргі бағамымен алғанда қанша доллар екенін есептей беріңіз…

ЖАЛАҚЫМДЫ АЛА АЛМАЙ ЖҮРМІН
Мен кезінде Жезқазған кентінен қоныс аударатын тұрғындар үшін салынған үйлердің құрылысында жұмыс істедім. Бірнеше мердігер болды. Мен «Тавис» ЖШС және «Астана-Шаңырақ-2030» ЖШС салған Сәтбаев даңғылындағы 149/3, 145, 143 және Абай көшесіндегі 13/1 көпқабатты тұрғын үйлерді әрлеуге қатыстым.
Айтайын дегенім, жоғарыдағы екі фирма (фирма деген аты ғана, әйтпесе, меншігінде қалағы да жоқ) 2018 жылы құрылыс алаңын тастап кетті. Қала басшылығы: «ақыларыңды өндіріп береміз, басталған шаруаны тек бітірсеңдер болды» деген соң, сегіз ай тегін еңбек еттік.
Әкімдік атқарған жұмысты актімен қабылдап алды. Ақысын сұрасақ, алғашқы уәдеден айнып: «Фирманы сотқа беріңдер» дейді. Сотқа беруге фирмамен арада жасалған келісім-шарт жоқ. Сөйтіп, 1 700 000 теңге жалақымды ала алмай жүрмін. Мен сияқты алданғандар толып жатыр.
Баспаған тау, бармаған жерім жоқ. Арысы – ел астанасы, берісі Жезқазғандағы өкілетті органның бәріне жаздым.
Махан РАХыМБЕРдиЕВ,
Сәтбаев қаласының тұрғыны.
«КӨПҚАБАТТЫНЫҢ» ҚИҚУЫ
Жезқазған-Ұлытау аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бұл көші-қон бағдарламасы 2015-2016 жылдары жүзеге асырылуға тиіс болғанын жоғарыда айттық. Коттеджге қатыстысына қысқаша тоқталдық. Көпқабатты үйдің «қиқуы» да одан кем болмай тұр.
Алдымен, Сәтбаев қаласы әкімдігінен 2016 жылы алынған «Жезқазған кенті мен оның маңайындағы елді-мекенді көшіруге арналған тұрғын үй және инженерлік желі құрылысы туралы» ақпараттан үзінді келтірейік:
«2014 жылдан күні бүгінге дейін екі пәтерлік 131 тұрғын үй мен бес қабатты 40 тұрғын үйдің құрылысына бюджеттің барлық көзінен 23,2 млрд. теңге бөлінді. 199 000 шаршы метр баспана беру белгіленген.
2014 жылы 417 млн. теңгеге екі пәтерлік 24 тұрғын үй (4,3 мың шаршы метр) салынды.
2015-2016 жылдары бес қабатты 15 тұрғын үй (71 мың шаршы метр) пайдалануға берілді, ал 2016 жылы бес қабатты 25 тұрғын үйдің құрылысы басталды.
2017 жылы бес қабатты 25 тұрғын үй (104,3 мың шаршы метр) іске қосылады.
Сондай-ақ, екі пәтерлік 107 тұрғын үйдің (19 мың шаршы метр) құрылысын бастауға 1 млрд. теңге бөлінді».
2016 жылы құрылысы басталған бес қабатты 25 тұрғын үй келесі жылдың аяғында, негізінен, дайын болған еді. Бірақ, соның жартысынан астамында ғана қоныс тойы жасалып, қалғаны 2018 жылдың жазына дейін қаңырап бос тұрды. Себебі, жарық беретін кабель тартуды ұмытып кеткен. Ал, білетіндердің айтуына қарағанда, күн жылынбай кабель тартуға болмайтын көрінеді.
Көпқабатты тұрғын үй салудың былтырғы жоспары да орындалмай қалды. Белгіленген бес үйдің үшеуі биыл қаңтардың аяғында, екеуі ақпанда пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мердігерлердің қимылын ширатпаса, қоныс аударудың қияметі әлі қашанға созылары бір Аллаға ғана аян!
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button