Бас тақырып

Онлайн ойын опық жегізбесін

Қазандағы мектепке жасалған шабуылдан 11 адам қаза тауып, 21 адам жарақат алды. Тәртіп сақшылары оқиға орнында 19 жастағы Ильназ ГАЛЯВИЕВТІ ұстады. Айдың күннің аманында қанды қол қарақшы өзі оқыған мектептің астан-кестеңін шығарды. Деректерге сенсек, қылмыскер психикалық ауытқуға ұшыраған. Себебі, санасын улаған онлайн ойын болуы әбден мүмкін. Ақыры не болды? Ертең, осы пәлекет бізге опық жегізбесіне кім кепіл? Әйтпесе, бізде де гаджетке телміріп, ойынмен таңын атырып, түнін батыратындардың қарасы қалың емес деп ешкім айта алмас, сірә?

Қазір мектеп оқитын кез келген баланың смарттелефоны бар. Оқу онлайн үрдіске көшкен соң, виртуалды ұрпақтың қатары тіптен көбейді. Үйіңізде бала болса, қашықтан оқудың орасан залалын айтпай-ақ, ұғынып отырған шығарсыз…

Бір інім мектеп үлестірген ноутбукқа сыңсытып ойын толтырып қойыпты. Жеңгем үкіметтікі деп үрке қарап, бәрін өшіртіпті. «Сабақ оқып отырмыз» деп өзін де, өзгені де алдайтындардың, көзін телефоннан алмайтындардың көбі – ойын онлайн ойынмен шырмағандар.

Бұған дейін балалардың көбі Minecraftпен милығып отыратын. Қазір тіпті күрделене түсті. Онлайн ойынның ең танымалы – Garena Free Fire. Аталған ойынға Үндістан елі түбегейлі тыйым салыпты. 2017 жылы жарыққа шыққан ойынды жүктеушілердің бүгінгі саны 500 миллионға жуық. Атыс-шабыс суреттелетін ойыннан кім оңсын? Қарағандыда мектеп оқушысы осы ойынның кесірінен, әке-шешесімен сөзге келісіп қалып, үйінен қашып кеткенін естідім. Келесі жолы тағы да ата-анасы ойынға ақша бермегені үшін Нұр-Сұлтан қаласына кетіп қалыпты. Жаппай мектеп, құқық қорғау органының қызметкерлері іздестіріп барып, әрең тапқан. Міне, бұдан біз ойынның бала жүйкесін жұқартып, ақыр соңында әке-шешесін жау көрсеткенін көреміз…

Бала кезімізде «Ханзада Жумонг» деген киноны көріп, біз де көше-көшенің балалары болып бөлініп, қылыштасатын едік. Кәдімгі қанмайдан болмаса да, біразға барысатынбыз. Әйтеуір, біреудің көзі көгермей не жарақаттанбай тарқаспайтын едік. Ақыры не болды дейсіз ғой. Жебесіне шеге байлаған бала көршісінің көзін шығарды.

Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын «Көк кит» деген ойын тарап, тағы бір даурыққанбыз. Жаппай балалардың телефонын ақтарып, аздап тәртіп орнатқандай едік. Тағы да телефонды шектеу үшін көз шығып, бала зардап шегуі керек пе деген ой келеді… Амал не, телефонсыз таң атырмайтын, түн батырмайтын ұрпақтың санасын онлайн ойындар оңай улады. Қазір жеткіншектеріміздің орысша ойлайтынының, сөйлейтінінің себебін де алыстан іздеудің керегі жоқ секілді. Ал, басты алаңдайтыныңыз бала денсаулығы болса, мынаны үнемі жадыңызда ұстаған жөн болар…

Ғалымдардың зерттеуінше балалардың телефонға үңіле беруінің зияны ересек адаммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екен. Неліктен? Біріншіден, балалардың жүйке талшықтары өсіп-жетілу кезеңінде болғандықтан радияциялық сәуледен жылдам зиян шегеді, және бас сүйегі жұқа болғандықтан радияциялық сәуледен қорғанысы әлсіз болады. Онымен қоса бас ауруы, есте сақтау және көру қабілетін төмендетіп, ұйқысыздыққа шалдықтырады. Білсеңіз, кез келген мектептегі оқушылардың 60 пайызының көру қабілеті төмендеген, – дейді қалалық балалар ауруханасының директоры Перизат Ахметова.

Мектеп мұғалімдерінен де жиі естиміз. Қоңырау кезінде балалар «Сен ойынның нешінші кезеңіндесің?», «Менің ұпайым тағы да көбейді» деп ойындағы жетістіктерін айтып, әңгімелеседі. Тіпті, өзінің көп ұпай жинаған аккаунтын достарына сатып, пайда тауып жатады.

Қазақта сөз бар. «Баланы аясаң, аяма» деген. Ата-аналар балаға көңіл бөлуді қолына қымбат смартфон әперіп, ай сайынғы тарифын салып берумен шатастырады. Тіпті, өздері дастархан басында отырып, телефонға телміретін ата-аналарымыз баланы смартфоннан шектеп жатады. Ал, бұл өте қиын процес. Өйткені, бала көргенін істеп отыр. Баланы тәрбиелемес бұрын, өзіңді тәрбиелеу керек. Рас, қазір балалар мектептегі сабақ үлгерімі емес, интернеттегі танымалдылығы, телефонды меңгергендігімен ерекшеленеді. Бір ата-ана гаджет зиян деп балаларына оны бермеуге тырысса, енді бірі телефонға телмірген баласымен алысып әлек. Бірақ, ең дұрысы баладан телефонды тартып алу, тыйым салу емес. Телефон қолданудың дұрыс жолын үйрету. Неғұрлым онлайн ойыннан бойын алшақ еткен дұрыс. Баланы қызықтырып, бірге қызықты видеоконтенттерді ғана қарап, аздап ойын шырмауынан шығаруға болады, – дейді педагог-психолог Сымбат Ильяшова.

Шынымен, балаларды телефонмен алдарқату тәрбиемізге сіңіп барады. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Өзіміз тілін түсіне білмейтін түрлі ойындармен буыны қатпаған балаларымызды неге тәрбиелеп жатқанымызды білмейміз.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме, Әуезов? «Әй, осы бала ызыңдамасын» деп, құлақ тыныштығы үшін телефонға телміртіп қойған бесіктен белі шықпағандар ертең ел тыныштығын бұзып жүрмесе жарар еді дейміз…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button