Бас тақырып

ОНЛАЙН ҮКІМ: әділдік пен сенім – басты шарт

Елде төтенше жағдай мен карантин жарияланғанда мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар тәрізді соттар да қашықтан жұмыс режиміне көшті. Сот отырыстарының барлығы дерлік онлайн форматта өтуде. Жалпы, заңға жүгініп, күнде судьяның алдына бармағаннан кейін, кімнің болсын сот отырысы десе қобалжитыны анық. Оның үстіне, қылмысты болып, тағдырдың қыл үстіне тұрған сәтінде сот процесінің онлайн емес, оффлайн форматта жүріп,үкімді телефоннан емес,судьяның ауызынан естігені кімге болсын қолайлы.Бірақ, төтенше жағдай жарияланғанда, судьялардың да індет жұқтырып, карантинге кетуі әрі процеске қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында осындай шешім қабылданған болатын.

Бірақ, медальдің екі жағы бар тәрізді, осы уақыт аралығында онлайн өткізілген сот процестерінің де артықшылықтары бар екенін көрсетті. Сот отырысын онлайн өткізу уақытты ғана емес, сонымен қатар, қаражат жағынан да оңтайлы.

Мәжбүрлі түрде заманауи технологияларға көшу әуелде процеске қатысушылар тарапынан наразылық тудырды. Мысалы, сот процесіне қатысушыларда дыбыс пен кескін сапасы жақсы интернетке қажетті кіру нүктесін табуға уақыт болмай қалады. Салдарынан, судьяның, болмаса, прокурордың қойған сұрағы естілмей, оған дұрыс жауап берілмей қалып жатса, оның өзі үлкен роль ойнайтыны анық.

Бірақ, соған қарамастан Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Дулат Әубәкіров азаматтар мен сот істері бойынша тараптардың өкілдері процестерді онлайн форматта жүргізуге риза екенін айтады.

– Онлайн сот процестерінің ыңғайлылығы – көлік қызметтеріне уақыт пен шығындарды үнемдейтіндігінде. Ал, төрт адамнан сегіз адамға дейін бейнебайланыс жүйесіне қосылу мүмкіндігі бар WhatsApp қолданбасына смартфоны бар кез келген адам қосыла алады, – дейді Дулат Әубәкіров.

Ал, жолда жүру уақыты, оған кететін шығынды қосқанда шалғайдан келетіндер үшін бұл – таптырмас құрал. «Процесс барысында куәгерлердің берген жауаптары естілмей қалып жатуы орын алғанымен, бұл өте сирек кездеседі» дейді Дулат Әубәкіров. Оның үстіне, сот жүйесін цифрландыру технологиялары індеттен бұрын-ақ кеңінен енгізіле бастағандықтан пандемия басталғанда соттар тез және қиналмай онлайн форматқа көшті.

Одан бөлек, сот процесіне аудармашы тағайындау қажеттілігі де туындайтын кездер болады. Уақыт тығыздығына байланысты, болмаса, аудармашының келе алмауына байланысты, отырыстың кейінге шегерілетін кездері де бар. Осы жағдайда да процестердің онлайн форматта өтуі таптырмас құрал. WhatsApp қолданбасы арқылы үйде, болмаса кеңседе отырып-ақ қосылуға болғандықтан, бұл уақытты үнемдеуге жақсы мүмкіндік.

Анар СӘРСЕНБЕКОВА, аудармашы:

– Бұған дейін аудармашы ре­ тінде сот процесіне қатысу қи­ ындық тудырғаны рас. Жолға кете­ тін уақытты қосқанда, кешігіп келетін басқа қатысушыларды күтудің өзі бір күнді алатын. Ал, қазір WhatsApp желісі арқылы кез келген жерден қосылып, қатыса бе­ руге мүмкіндік бар. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, бір күнде бірнеше сот процесіне қатысуға мүмкіндік береді. Уақыт ақшамен есептелетін заманда бұл – тап­тырмайтын әдіс.

Онлайн сот отырысының тағы бір ерекшелігіжәбірленушінің күдіктімен бетпе-бет кездеспейтінінде. Бұл, әсіресе, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс кезінде өте оңтайлы. Қылмыс салдарынан психологиялық соққы алып, қорқып қалған балаға зәбір көрген адаммен қайта кездесуі оңай соқпайтыны рас.

«Баланың психикасына зақым келмеуі үшін кәмелетке толмаған жәбірленушінің жауаптары депонирленеді. Бірақ, жауапты нақтылау мақсатында сот процесінде бетпе-бет жауап алынуы тиіс жағдайлар да болады. Онлайн сот процесі осы кезде өте оңтайлы. Жәбірленуші заңды өкілі, адвокат және психологпен бірге телефоннан қысылмай, ойын ашық айтып, дұрыс жауап бере алады», – дейді психолог мамандар.

Әлбетте, ұзаққа созылатын сот процесінің екі тарапқа да оңай соқпайтыны анық. Бірақ, үкім біреу. Ол кінәлінің жазасын алуы. Оған сот процесінің оффлайн, болмаса, онлайн өткеніне еш қатысы жоқ. Дегенмен, індетке байланысты мәжбүрлі түрде осындай жұмыс режиміне көшу қай тарапқа болсын оңтайлы екенін көрсеткені анық.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button