Қолында – қобызы

   Қорқыттың қылқобызын бебеулеткен бойжеткеннің өнеріне таңдай қағып жүргендер қаншама. Студент кезінен қылқобызды жанына серік ет­кен­ талантты арудың Балқаш қаласына келуінің өзіндік себебі бар көрінеді. Осы киелі аспапты ұстар шәкірт тәрбиелесем деген оймен Балқашқа ат басын тіреген мәдени-сауық орталығының қызметкері Арай ЕСІМОВА туралы тоқталып өтсек…

Арай

Жез­қаз­ған қаласындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін, Жез­қазған музыка колледжіне оқуға түсіпті. Бір қызығы, талантты қыз мектеп жасында ән айтқанымен, колледж­ге оқуға тапсырғанша ешқандай аспапта ойнамапты. Пианино аспабын көңілі қалап оқуға барған жас талапкерді ұстазы, мәдениет қайраткері, қобызшы Сәдуақас Бай­қара мінезіне, қабі­летіне қарап, қобыз үйренуге кеңес беріпті. Алғашқы күннен бастап, қобыз аспабына ерекше махаббаты оянған Арай көп ұзамай ұстазының үмітін ақтапты. Қобыз сыныбында жал­ғыз оқыған Арай қолына қызыл диплом алыпты. Осылайша, өнерпаздың қобызға деген махаббаты 3 жылдың ішінде аспапты толық игеріп кетуіне жол ашады. Бағын сынап байқауға да қатысып көріпті. Көкшетауда өткен республикалық ұлт аспаптарында орындаушылар байқауында дипломант атанды. Бұдан бөлек, облыстық, қалалық байқауларда алған жүлделі орындары қаншама. Қобызшы қыз Ықыластың күйі «Жезкиік» пен Қорқыттың күйі «Қорқыт» бағын ашып, бірден елдің назарын аудар­ғанын айтып қалды. Арай қобызшының өзінің сүйікті аспабы туралы айтары аз емес.

Қорқыт пен Ықылас, Сү­гір күйлерін қобыз шанағына түсіріп, қайта жаңғыртып жеткізуді мұрат қылған Арайдың екінші ұстазы – қобызшы Нұрғайша Абілдина. Музыкалық колледжден соң Жезқазғандағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында 3 жылға жуық қобыз тартып, талай жерлерді аралап концерт ұсыныпты. Киелі өнер Арайға нағашыларынан дарыған. Ол анасы отырған жерінде домбырамен ән салып, елді аузына қаратқан өнерден кенде жан еместігін де тілге тиек етті. Өзінің туған бауыры да қасиетті домбыраны ше­бер шертетіндігін айтты. Қазіргі уақытта Арай 20-дан аса күйді орындап, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген жайы бар. Атай кетсек, Ықыластың күйлері: «Жезкиік», «Қазан», Қор­­қыттың күйі – «Қорқыт», ха­лық күйі «Мұң­лық-Зарлық» және халық музыкасын жаңаша бағытта жаңғыртып жүр. Репертуарында әлемдік классикалық шығармалар да бар. Сондай-ақ, көңіл қа­ла­уымен пианинода ойнап, біршама жетістіктерді бағындырған.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.