Қолынан қалақ түспеген маманға мадақ біздерден

Құрылыс индустриясы – экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Мәртебелі мамандық иелерінің құрметіне жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні деп аталып өтеді. Дәл осы мамандық иелерінің арқасында өңіріміз көркейіп, жаңа зәулім үйлер мен биік ғимараттар салынуда.

Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі – құрылысшы мамандығы. Құрылысшы – адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тамыз айының екiншi жексенбiсiн «Қазақстан құрылысшылары күнi» деп жариялаған болатын. Бұл да құрылысшыларға көрсетілген құрмет болса керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үймен қамтамасыз ету – бұл әлеуметтік саясаттың басым бағыты екенін айтты. Зер салып қарасаңыз, соңғы жылдары еліміздің құрылыс саласында тұрақты өсім бар. Жаңа аумақтық құрылымдар пайда болып, халықты баспанамен қамтамасыз ету және елдің барлық өңірінде жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар іске асуда. Қазақстанның құрылыс саласында 630 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Елде қолжетімді баспана салу мен сатуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асуда. Қарағандыда құрылыстың қарқыны алдағы уақытта да бәсеңдемек емес.

Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Трилистник» тұрғын үй кешенінің №4, 7, 8, 9 үйлері және «Панель-Центр» шағын ауданындағы үш көпқабатты үйдің құрылысы толық аяқталып, 1 056 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есебінен құрылысты белсенді жүргізу – назарда. 2021 жылы осы бағытта 325,9 шаршы метр коммерциялық тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Жаппай құрылыс жүргізілетін аудандарда жеке тұрғын үйлер салу бойынша биыл 40 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл бағдарламаның барлық жүгі де осы құрылыс мамандарының иығында.

Жаздың аптап ыстығында күнге күйіп, қыстың сақырлаған аязы бетін қарыса да қолынан қалағы түспейтін, еңбектің қызу ортасында жүрген құрылысшыларға қандай мақтау айтсақ та артық емес. Мереке құтты болсын, мәртебелі мамандық иелері!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.