Жаңалықтар

Олимпиадалар уақыты өзгереді

Алдағы уақытта оқушылар демалысы кезінде білім саласына қатысты олимпиадалар өткізілмейтін болады. Өзгерістер биылдан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат кеңесінде министр Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ мәлім етті.

– Олимпиадаларға сабақта өте белсенді, жақсы оқитын оқушылар қатысады. Біз оларды каникул уақытындағы демалыстан айырмауымыз керек, олар демалуы қажет. Сондықтан, биылдан бастап олимпиадаларды басқа мерзімде өткізетін боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр сондай-ақ, республикалық олимпиадаға қатысу үшін, облыстарға баратын балаларға жақсы жағдай жасалуы тиіс екенін айтып, жоғары оқу орындары басшыларына оқушылармен кездесу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

 – Республикалық олимпиадаға кем дегенде 1,5 мың дарынды, білімді бала қатысады. Дайындық барысын бөлек қарастырамыз дегенмен Қарағанды және Алматы облыстарында балалардың қауіпсіздігі, жататын жері, тамақтануы бойынша барлық жағдай жасалсын. Жұмыс ұдайы жүргізілуі керек, – деді Асхат Қанатұлы.

 Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button