Басты тақырып

Қолдау бар, демеуші қажет

    Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ халықаралық «Мейкатон» марафоны аясында «ТOM: Kazakhstan» жобасын жүзеге асырушы өнертапқыштар мен оны қолдаушы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің басшылық ұжымын қабылдады. Онда осы «ТOM: Kazakhstan» жобасының игілігін көруші мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын толық шешіп бере алмасақ та, қандайда бір тәсіл арқылы қабілетін арттыруға болады ғой? Ол үшін бұрыннан бар көмекші құралды одан әрі жетілдіру немесе қосалқы құрылғы ойлап табу керек-ақ. Бұған сіз бен біздің қабілетіміз жетпейді. Бірақ, халықаралық «Мейкатон» марафоны аясында «ТOM: Kazakhstan» жобасына жұмылған өнертапқыш жастар мәселені жеңілдетіп беріп отыр. Бұл жөнінде газетіміздің былтырғы қараша айындағы шыққан сандарында осы жолдардың авторы жазғанын және еске саламыз. Сонда белгілі болғандай, жоба аясында өнертапқыштардан 10 команда құрылып, әр топ өздеріне келген мүмкіндігі шектеулі жандардың қиындықтарын шешу жолында іске кірісіп, ойлап тапқан игіліктерін жұрт алдында жариялаған. Олардың ішінде кембағал жандардың мүмкіндігін арттыру мақсатында ойлап тапқан көмекші құрал аз емес. Мәселен, көруден қалған жанға арналған ой-шұңқырды немесе басқа да кедергіні бір-екі қадам бұрын сездіріп, белгі беретін таяқша, тағысын тағы.

Енді, осы жолы сол 10 жобаның арасынан таңдаулы деген бес жоба іріктеліп алынып отыр. Яғни, ол игіліктерді ойлап табушы өнертапқыштар жасаған жұмыстарын әрі қарай жетілдіріп, көбейтіп шығаруға бейілді. Ал, аталған жобаға басынан қолдау көрсеткен облыс әкімдігінің мақсаты – жобалардың жаңғыруына демеушілік жасаушы жергілікті кәсіпкерлер мен әлеуметтік ұйымдарды тартып, дәнекер болу. Егер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қолын ұзартатын бұл игіліктер демеушілік тауып, отандық нарыққа шығып жатса, құба-құп. Қолы қысқалығынан қалаған құрылғысын шетелден алдыра алмай жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың бір мәселесі шешілді деген сөз.

Өздеріңіз білесіздер, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай туғызу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты тапсырмалары бар, – деп бастады аймақ басшысы сөзін. «Осы орайда, билік, бизнес, қоғамдық ұйымдар – барлығы бірлесіп, бүгінде жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Соның бірі – осы Қарағандыда жүзеге асып отырған «Мейкатон» марафоны аясындағы жоба. Бірнеше айға созылған ірі жоба шеңберінде бірқатар жаңа идеялар мен тың бастамалар пайда болды. Ол жұмыстар біздің өңір үшін ғана емес, жалпақ жұртшылыққа пайдалы деп ойлаймын. Біздің міндет – сол бастамалар мен идеяларды іске асыру, қолданысқа енгізу. Осында сол идеяларды дүниеге әкелген өнертапқыштар, конструкторлар отыр. Бастысы, бізде олардың ойлап тапқан жұмыстарын қолдап, демеу жағын қарастыратын ниет бар», – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Отырыс барысында жергілікті билік өкілдері мен әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкерлерге және бизнес өкілдеріне жоба аясында туған тың дүниелер таныстырылды. Ол иігіліктердің ішінде жоғарыда аталған, көзден қалған жандарға арналған таяқша, баспалдаққа мініп-түсуі жеңілдетілген арба (коляска), жартылай көретіндер өзіне қай автобус жақын я алыс тұрғанын білу үшін қалта телефонына жүктелген қосымша және тағы басқалары. Бұларды нарыққа шығаруға бизнес өкілдері қалай қарайтыны әзірше белгісіз. Бірақ, қызығушылық бар.

«Кездесу бірнеше мақсатта өтіп отыр. Біріншісі – өнертапқыштардан құралған командалар жұмыстарының нәтижесін көрсету. Екіншіден, егер бизнес өкілдері қызығушылық танытып, демеушілік етем десе, еркі. Үшіншіден, қорытынды барысында ендігі «Мейкатон» марафоны аясындағы «ТOM: Kazakhstan» жобасын қай қалада жалғастырамыз деген мәселе. Бүгінде ол мәселе шешіліп те қойды. Бұйыртса, бұл жоба енді Павлодар қаласында халықаралық деңгейде өтпекші» – дейді «ТOM: Kazakhstan» жобасының үйлестірушісі Жанна Милатханова.

Жәнібек ӘЛИМАН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button