Бас тақырыпБасты тақырып

Қазына әлеуметтік салаға қарасады

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІV сессиясында 2023 жылдың үшінші тоқсанына арналған бюджетті нақтылау мәселесі қаралды. Қосымша қаражат әлеуметтік салаға, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын қолдауға, қоғамдық қауіпсіздікке және экономиканың нақты секторына бағытталады.

Ермағанбет Бөлекпаев

Сессия жұмысының бекітілген рег­ламенті шеңберінде алғашқы болып сөз алған облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина күн тәртібінде Қарағанды облыстық мәслихатының 2022 жылғы 8 желтоқсандағы XXI сессиясының «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №271 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі һақында баяндады.

– Бүгін сіздердің назарларыңызға 2023 жылдың 3 тоқсанында облыстық бюджетті нақтылау бойынша материалдар ұсынылды. Енгізілген өзгерістер нормативтік-құқықтық актілер web-порталында онлайн талқылаудан өтті. Облыстық бюджет комиссиясының, әкімдік пен қоғамдық кеңес және облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралды. Экономиканың нақты секторына 5,7 млрд. теңге бағытталды, – деп хабарлады Людмила Башарина.

Бұл қаржы жылумен жабдықтау объектілерін жөндеу мен салудың, сумен қамтудың, қалааралық әрі ішкі қатынастардағы жолаушылар тасымалын, теміржол тасымалы шығыстарын субсидия­лаудың жалғасты жұмыстарына, коммуналды шаруашылықтың дамуына, автожолдарды қайта жаңартуға, тұрғын үй құрылысына, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымына жұмсалады. Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығын қолдау, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау саласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру шеңберінде несиелеу шығындары ескерілді.

Нақтыласақ, әлеуметтік салаға қазынадан бөлінетін қаражатының 36%-ы бағытталды. Яғни, 3,6 млрд.теңге. Бұл – өзінің еңбек қызметінің нәтижесінде қыз­меткерлердің материалдық мүддесіне бағытталған ынталандыру сыйлықақыларын төлеуге кететін шығындар, бірінші, екінші топтағы көмекке мұқтаж жалғызбас­ты мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмектің қосымша түрлерін ұлғайтуға, облыстың шалғай ауылына жұмыс істеу үшін келген дәрігерді әлеуметтік қолдауды жалғастыруға, сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің жалақысы бойынша түзету коэффициентін арттыруға да бағытталады.

Ермағанбет Бөлекпаев

Орфандық аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін спорт түрлерін дамытуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіруге, облыстың білім беру, денсаулық сақтау объектілеріне жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу­ге арналған шығыстар көзделген.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосымша 400 млн. теңге бөлінеді. Бұл полиция қыз­меткерлеріне тұрғын үй жәрдемақыларын төлеу, отбасын қолдау орталықтарын ашу, төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қамтиды. Депутаттар нақтылауды бірауыздан қолдады.

– Құрметті әріптестер, бүгін біз Қарағанды облысы әкімінің бас­тамасымен кезектен тыс сессия өткіздік. Біздің ойымызша, қарас­тырылған қазына қаржысы игі бастамаларға оң ықпал етеді. Өткен жылы Мемлекет басшысының Қарағандыға сапары барысында жергілікті қоғамдық кеңестерді оңтайлы әрі әділ негізде қалыптастыруға қатысты мәселе қойғаны баршаға мәлім. Қоғамдық кеңеске елдің мұң-мұқтажын ойлап, толғанатын тұлғаның мүше болуы сіз бен біздің өміріміздегі түйткілді сұрақтардың шешілуіне ықпал етеді. Кәріз жүйесін қадағалау өте маңызды, өйткені, халық жылусыз, сусыз қалса, белгілі бір уақыт шыдам ете алады. Ал, кәріз жүйесі істен шықса, қаланың тіршілігі тұтасымен кідіруі мүмкін, – деп ой қосты депутат Ермек Әбілдин.

Ермағанбет Бөлекпаев

Өңір басшысы халық қалаулыларына бірлескен жұмысы үшін ақжарма алғысын білдірді.

– Соңғы екі жыл мұғдарында қалалық бюджет есебінен нөсерлі кәріздерді және коллекторлардың өзін тазартуға белгілі бір сомадағы қаражат бөлуге бастамашы болдық. Иә, жекелеген мәселелер бар. Біз бұл ауқымды мәселені Қазақстан Респуб­ликасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жан-жақты тағы бір рет пысықтайтын боламыз. Қазірдің өзінде кейбір жобаларды дайындау құжаттарын құзыретті мекемелер сараптау үстінде. Бюджет әлеуметтік салаға көбірек бағытталғанын көріп отырсыздар. 1 шілдеден бастап, қолданыста болған ынталандырушы үстемеақыларға біз шамамен 2 млрд. теңге қарастырдық. Шұғыл шешімді қажет ететін мәселелер бар. Ол мектептер, ауруханалар, әлеуметтік сала объектілерін техникалық жарақтандыру мен жөндеу, жылыту маусымына дайындық, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button