Ресми

Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды – Президент

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойын ортаға салды.

БІРІНШІ. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет.

Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек.

Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет.

Фискальдық органдардың бизнеспен қарым-қатынасына қатысты бүкіл процесті толық цифрландыру керек. Бұл кәсіпкерлердің тіршілігін айтарлықтай дәрежеде жеңілдетуге және бюджет кірісін жүйелі түрде ұлғайтуға септігін тигізеді. Парламентте мемлекеттік бюджетке мол кіріс әкелетін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығына қатысты мөлшерлемелерді әртараптандыру мүмкіндігін талқылауға болар еді.

Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл әлемде бар озық тәжірибе. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді

Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек.

Өткен жылдың басынан бері экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл – Үкіметтен ерік-жігер мен жоғары кәсібилікті талап ететін күрделі процесс. Бұл жұмысты жалғастырған жөн трансфертті баға белгілеу, халықаралық салық салу, субсидия мен мемлекеттік ресурстарды бөлу кезінде бақылауды қамтамасыз ететін түсінікті және тиімді құралдарды қолданысқа енгізу қажет.

Президент болып қайта сайланғаннан кейін ең бірінші Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанымды еске саламын. Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірледі. Парламент тиісті заңды жуық арада қабылдауы керек.

Бұл қаржы тек елімізді дамытуға жұмсалуы қажет. Аталған мәселе бюджет шығындарына да қатысты. Алайда бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік қарызды өтеу шығыны артып барады.

Ұлттық қордан бөлінетін трансферт азаймай тұр. Барлық деңгейдегі бюджетті тиімді игеру проблемасы әлі де бар. Сондықтан бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Биыл Парламент қарауына енгізілетін Жаңа Бюджет кодексінің жобасы аталған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет.

Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ.

Жалпы, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек. «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүр. Партияның Мәжілістегі депутаттары осы жұмысқа өз үлесін қосады деп сенемін.

Сондай-ақ, кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған Respublica партиясы Парламентке өтті. Бұл ұйым бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысады деп ойлаймын.

Тағы бір өзекті мәселеге назар аударғым келеді. Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етеді. Ашығын айтсақ, бұл барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ, осы үдерісті қоғамнАн жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады.
 
Өркениетті елдерде саясат жабық есік жағдайында астыртын жасалмайды. Сондықтан, лоббистік қызметті заңмен реттеудің және оған бақылау жасаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу керек.

ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды.

Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни, ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан, осы саланы одан әрі дамыта беру керек.

Бірақ жер қойнауын пайдалану саласында ондаған жыл бойы қордаланған проблемалар аз емес. Геологиялық барлау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуі тау-кен өнеркәсібін өркендетуге кедергі келтіріп отыр. Минералды шикізат базасын толықтыру қарқыны бәсеңдеп барады. Оның үстіне қазір игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастады.

Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс.

Былтыр тауар газының тапшылығына тап болдық. Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ.

Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы.

Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті.

Өндірісте де, тұрмыста да газды арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды. Мұны доғару керек. Үкімет Тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет.

Бәсекеге қабілетті экономика дегеніміз – әртараптандырылған экономика. Пандемия және қазіргі геосаяси дағдарыс шикізат нарығының тұрақсыз екенін айқын көрсетті. Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті. Жер қойнауынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттыру керек. Оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру өте маңызды.

Бұған дейінгі индустрияландыру жұмысының барысында шикізаттық емес сала ойдағыдай дамыған жоқ. Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың өзін әлі күнге дейін сырттан сатып алып отырмыз. Инфляцияның өсуіне басты себептің бірі – осы.

Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан, сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ, кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет.

Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет.

Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті, Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек.
Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет.
Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек. Депутаттар осы заң жобасына
мен береді деп ойлаймын.

ҮШІНШІ. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет.

Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр.

Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек.

Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады.

Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет.

Сондықтан, мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет.

Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді.

Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан, біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек.

ТӨРТІНШІ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сонымен қатар, ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Елімізде бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 1 мыңнан астам ауылдағы үш мың жеті жүз нысан жаңғыртылды. Оның бәрі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады.

Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек.Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.

Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін.

Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті, бізге оның алдын алу қажет.
Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды.Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық.

БЕСІНШІ. Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек.

Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі, Қазақстанның басты байлығы – адам.
Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда, мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады.

Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды.Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ, негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс.

Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет.

Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады.Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады.Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті.

Адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе – Денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы. Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр.

Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген.

Осы ретте медицина саласының беделін арттыруға қатысты депутаттар мен мамандардың нақты ұсыныстары ескерілмеген. Медицина қызметкерлері заң арқылы қорғалуға тиіс. Парламент осы мәселені ерекше назарға алғаны жөн.

Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет.Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ, қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.

Спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұқаралық спортты дамытуға тұрғындардың ынта білдіріп, белсенді атсалысуы маңызды. Мемлекет бұған барлық жағдайды жасауға тиіс. Предприниматели и другие граждане, которые вкладывают свои средства в развитие массового спорта, помогают популяризировать здоровый образ жизни, будут удостаиваться самых высоких государственных наград. Жалпы, бұл саладағы жұмыста көзбояушылық пен әміршілдік-әкімшілдік тәсілден бас тарту қажет. Үкімет пен әкімдіктер тиісті бағдарлама әзірлеп, шешім қабылдаған кезде осының бәрін ескеруге тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте, креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды.

Адам капиталын тұрақты дамыту жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі болады деп санаймын. Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.

АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі.

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі.Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек.Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады.

Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді.

Осы орайда, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек.

Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет.
Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс.

Дегенмен, кез-келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн.

Бұл ретте, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын-алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін.

Сондай-ақ, адвокаттардың рөлін арттыра түсу қажет. Оларға сотқа дейінгі тергеудің басынан бастап қылмыстық істің материалдары Еш кедергісіз берілуге тиіс.

ЖЕТІНШІ. Адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру керек.

Жұрт заңдардың кейбір ережелеріне наразылық білдіріп, шағым айтуда.
Конституциялық Соттың шешімдері кейбір шағымдардың орынды екенін көрсетіп отыр.
Яғни, заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы екені анықталды.
Бұл келеңсіздіктер құқық қолдану ісінде қиындықтар туғызады.
Конституцияға қайшы мұндай нормалар жарамсыз деп танылады.

Осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдері қайта қаралуға тиіс.
Заңдарымыз Конституцияға толық сай болуы керек.
Парламент осы маңызды мәселеге байланысты табандылық танытып, басты рөл атқаруы қажет.
Бұл жұмыс азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жүйесін күшейте түсуге мүмкіндік береді.

Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет.

СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет. Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалуы керек. Сонда азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады. Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Сол себепті, жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Жеке секторда жүрген кәсіби және дарынды басқарушылар үшін жол ашық болуға тиіс. Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орталыққа жалтақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек. Мемлекеттік органдардағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін де толық жаңғыртқан жөн.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button