Жаңалықтар

Ол азамат еді…

«Жақсының аты алыстан естіледі» деген ежелден бар әфсана. Алматыдан халық шаруашылығы институтын экономика мамандығы бойынша 1971 жылы бітіріп, елге қарай беттегеннен-ақ көңілге көп ойлар келді. «Ертең қызметке тұрғанда қандай ортаға тап боламын, бұл саланың үздік мамандары кімдер еді?» – деген сансыз сауалдардың алаңдаушылық тудырғаны рас. Сөз қозғамақ болып отырған азамат  Нәсірдің атын сол кезде алғашқылардың қатарынан  естіп, қызыққаным бар. Ол кезде «Біздің атымыз да осылай аталып жүретін маман бола алар ма екенбіз?»– деп өзіңе күмәнмен қарап,  болашағыңнан үміттің ұшқыны ғана  бұлдырап тұрған, дипломың бар, жұмыс тәжірибесі жоқ жас маманбыз. Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан жолдаманы алып, Ақтоғай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына келдім. Кадр бөлімінің маманы Әбет Әбенов бастыққа кірерден бұрын басқарма бастығының экономикалық істер жөніндегі орынбасары Болбақов Нәсірмен пікірлесуден өтесің деді. Кірдім. Төрдегі столда шашын артқа қайырған отыздар шамасындағы түсі жылы азамат отыр екен. Қағып отырған есепшотын тоқтатып, маған назар аударды. Аз-кем танысу сұрақтарын қойып, пікірлескеннен-ақ  «бұл кісі қандай адам» деген күмәндарым, Нәскеңнің іш тарта сөйлеген сөздері мен алдағы атқарар қызметтегі міндеттер туралы қысқаша мағлұматтарынан кейін сейіліп, көңілге сенімділік ұялатты. Жас маманның жауапкершілігін қалай көтеремін деп жалтару, не болмаса алдағы атқарар жұмыстардың салмағын айтып жас маманды үркіту, қазірден бастап өзіне тәуелді ету мақсатында бұйыра сөйлеген бір ауыз сөз жоқ. Пікірлесу қарапайым адамның шынайы болмысын танытты. Сөзіңді бөлмей тыңдауы, керісінше  ертеңге деген сенімділікті одан әрі нығайта түсті.

Сөйтіп, жолдамамен Қаратал кеңшарына келіп еңбек және еңбекақы жөніндегі экономист мамандығы бойынша жұмысқа орналастым. Бұл қызметте  Нәскеңмен тікелей байланысым болмады. Өйткені, мен кеңшардың бас экономисі Сағынтай Аяғановтың бөлімінде істедім. Бас маман аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімімен тығыз байланыста. Тек, күзгі қой қырқыны  кезінде Ақкөл бөлімшесінің «Ақатан» күзегіндегі комсомол жастардың қырқын бригадасына жетекшілік етіп жүргенімде, көрші ауылдағы шопан Тұрсын Ахметов ақсақал үйіне қонаққа шақырып, сол жерде Нәскеңмен кездесіп, жақынырақ таныстым. Дастарқан басында көрші отырған малшы ауылдардан екі отбасы болды. Қазір кімдер екені есімде жоқ. Ол кезде елмен әлі толық таныспаған уақытым еді. Кеште отырып, Тұрсекеңнің ықыласты дастарқанынан дәм татып, аз кем сұхбаттасқанымыз бар. Астында су жаңа бес кісілік қызметтік «Москвич» автокөлігі. Ол кезде мұндай көлік арман еді. Осы кездесуде шаруа адамдарының арасындағы еңбекке ақы төлеу сияқты түрлі сауалдарға жауап берген Нәскеңнің өз ісінің білгірі екенін түсініп, осы кісідей болсам ғой деп өз жігерімді қамшыладым.

Күзде дайындалған мал азығын аттестациялау комиссиясының құрамында Қасабай бөлімшесінде болдым. Комиссия жетекшісі ауданнан келген өкіл Әбіл Ноғаев ақсақал. Сол жолы Әбекеңе менің іс қағаздарына деген ұқыптылығым мен елгезектігім ұнаған болуы керек, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығында  маман тарту туралы әңгіме болған кезде сол кездегі басқарма басшысы Жаңабек Қойлыбаевқа мен туралы айтқан екен, Нәскең де қолдапты. Содан, 1972 жылдың желтоқсанында аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке шақырылып, басында экономист-ревизор, кейін 1973 жылдың қаңтарынан бастап осы басқарманың есеп және қаржы бөлімінің бастығы, бас есепші болып еңбек етуім сол уақыттағы ауыл шаруашылығы саласын жоспарлау бөлімінің басшысы Нәскеңмен қызметте де, отбасылық жағдайда да жақын араласуымызға себеп болды. Нәскең ол кезде де ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының экономикалық істер жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарушы еді. Ол кісі 32-де болса, мен 22-де едім.

Жас арамыздың алшақтығына қарамастан Нәскеңмен тең адамдарша қатар жүрдік. Оған мүмкіндік берген Нәскеңнің үлкен адамгершілік қасиеттері еді. Оған еш­қашан да біреуден білімім немесе тәжірибем артық еді, немесе жасым үлкен еді деп көкірек көтеру жат мінез болатын. Қатты жұмысбасты болса да, барлығын жыйып қойып, алдына келген адамның шаруасына ден қойып, шешіп жіберуге тырысатын. Сол мінезінің салдары ма, іс-қағаздары шашылып, столының үсті бір босамайтын. Кей сәттерде басқа кабинетте отырып белгілі бір іс құжаттарын тауып әкелуге қай-қайсымызды жұмсай қалса, ол кісінің жанында отырып, көзі қаныққан Әбекең, Әбіл Ноғаевтан болмаса  басқамыздан қайыр жоқ еді. Бірақ, сол шашылған іс қағаздарының ішінен іздеген құжатын өзі жылдам-ақ тауып алып, іске қоса беретін еді.

Әйтеуір, Нәскеңнің алды босамайды. Аудан кеңшарларының барлық экономикалық көрсеткіштері мен цифрлары осы Нәскеңнің алдынан өтіп, жан-жаққа кетіп жатады. Онымен қоса аудандық партия комитеті мен атқару комитетінде өтетін ауыл шаруашылығына қатысты жиналыстардың  баяндамалары мен қаулы, қарарлары да Нәскеңе соқпай өтпейтін. Ол – біреулер үшін жансыз цифрларды, қажетті жерінде бұлбұлша сайрататын нағыз маман еді. Оның  ауыл шаруашылығы экономикасының дамуы мен кемшіліктеріне, түзету жолдарына  жасаған талдаулары дау тудырмайтын.

Өз кәсібіне адал болып, мамандығына айырықша құрметпен қараған соң ауданымыздың экономика саласындағы жоғарғы санаттағы маманы болды. Онымен аудан шаруашылықтарының басшылары да, мамандары да санасты. Білікті маман қай уақытта да өз орнын табады. Қос-қос дипломы болса да жұмыссыз жүрген жастарға үлгі боларлықтай арда азамат еді.

Нәсір Болбақов еңбек жолын 1959 жылы Балқаштың байланыс конторында қарапайым жұмысшылықтан бастады да, 1960 жылы Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің «Экономика»  факультетіне түсіп, 1964 жылы осы университеттің іргесінен бөлініп шыққан Алматы халық шаруашылығы институтының экономикалық факультетін бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты. Арнайы жолдамамен елге келіп, 1964 жылы аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігіне аға экономист қызметіне жұмысқа тұрды. Мұнда қызметке деген ынтасы мен білімінің арқасында көп уақыт өтпей көзге түсіп, жас маманның қызметі жоғарылайды. 1965 жылы, сол кездегі реформаларға сәйкес билігі жүріп тұрған өндірістік ауыл шаруашылығы басқармасының экономика және жоспарлау бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Бекітілген құрылымға сәйкес бұл қызмет басқарма бастығының экономикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып есептелетін, яғни, Нәскең 25 жасында басқарма бастығының орынбасары болды деуге болады. Замана талабына орай ауыл шаруашылығы басқармасы неше түрлі атқа ие болып, сан түрлі өзгеріске ұшырады. Бірақ,  білікті маман ретінде Нәскең экономикалық жұмыстың тетігін ұстап, осы ұжымнан ешқайда кетпей зейнеткерлікке шықты. Жауапты да, білікті маман зейнет демалысында қарап отырмай,  нарықтың өтпелі кезеңдерінде де жұмысын жалғастырды.

Нәскеңмен қызметтес болған 11 жылдың ішінде көп оқиғалар есте қалды. Жүктелген қызметімізді қал қадірімізше атқара жүріп, әзілдесіп, ойнап-күліп те, сан түрлі қиындықтар мен қызықтарды бірге өткіздік. Тәжірибе жинақтағанша көрсеткен қамқорлығы мен есеп қисап саласындағы тәсілдер мен әдістерді игерудегі тәлімгерлігі мен үшін айтарлықтай болды. Қайсыбір сәттерде үлгере алмай жатқан жұмыстарға көмек жасап жіберуді шебер ұйымдастыратын. Облыс­тық орындарға аудан шаруашылықтарының жыл­дық есебін өткізу барысында аталған жыл­дар ішінде бір-бірімізден ажыраған емес­піз.

Біріккен жұмысымыздың қорытындылары да нәтижесіз болған жоқ. Облыс көлемінде абыройлы, мақтаулы мамандар болдық десем қате айтқаным емес. Соның бір айғағы екеуміздің аудандық есеп қызметкерлерінен құралған екі топты басқарып, сол кездегі Одақтың астанасы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіне тегін жолдамамен  ынталандыру есебінде барып қайтуымыз еді. Нәскеңнің тобында Ақтоғай кеңшарының бас есепшісі Қайдар Ақтайбеков пен Қызыларай кеңшарының бас экономисі Қасым Жұмабеков болса, біз Қоңырат кеңшарының бас есепшісі Рзағалы Сыздықов екеуміз бірге барып қайттық. Бұл азаматтар да өз істеріне ұқыпты кеңшардағы алдыңғы қатардағы нәтижелі жұмыс жасап жүрген  мамандар еді.

Нәскең, бірнеше аудандық партия, ке­ңес органдары мен облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының құрмет грамоталарымен марапатталуымен қатар, «Ерен еңбегі үшін», «Тың игерудің 25 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдарымен еңбегі еленген жан. Жаңа қоғам құрылымының басқарушы органы – әкімшіліктердің де марапаттауы мен Алғыс хаттарынан да құр алақан емес.

1986-1988 жылдары мемлекеттік басқару жүйесі құрылымдарында тұрақтылық жоқ кезең. Ол кез Одақ бойынша 1985 жылдан басталған М.Горбачевтың «Қайта құру» науқанының жүріп жатқан уақыты болатын. Агроөнеркәсіптік  сала да біресе таратылып, одан соң қайта атын өзгертіп құрылып, осы саладағы қызметкерлерді беймаза етіп тұрған уақыт еді. Қызмет жасап жүргендер қайта-қайта жұмыстан қысқартылатыны туралы ескертпе алып, одан тағайындалып әрі-сәрі жағдайда еді. Осы бір кезеңде Нәскеңнің аппарат қызметкерлерінің жұ­мыссыз қалмауы мен тиісті заңдылыққа орай мүдделерінің сақталып, қысқарудағы же­ңілдіктерді сыналап кәдеге жаратудағы сауаттылығы әр қызметкердің есінде болуы тиіс.

Әйткенмен, бұл жылдары ауданда ауыл шаруашылық саласында өзін-өзі қаржыландыру, өзін-өзі ақтау сияқты принциптер жүзеге аса бастады. Оған, Одақта жүргізіліп жатқан «Қайта құру»  процестерінің ықпалы болғаны анық. Кеңшарларда шаруашылық есеп, бригадалық мердігер тәсілдері енгізіліп, мамандар жиі-жиі семинар кеңестерге барып, экономикадағы жаңа тәсілдер мен бухгалтерлік есептің прогрессивті формалары кеңшарларда батыл енгізіле басталды. Бұл ретте, агроөнеркәсіптік бірлестік  бастығының экономикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мырзахан Қалиакпаров, экономика және жоспарлау бөлімінің бастығы Нәсір Болбақовпен бірлесе жасаған  нақты істеріміз өз нәтижелерін берді.

Бұл жұмыстар толық аяқталмай жатып Республиканың агроөнеркәсіптік саласын жекешелендіріп, нарықтық жаңа жүйеге ауыстырудағы алғашқы экспериментальды жоба  Жезқазған мен Шығыс Қазақстан облыстарына жүзеге асатын болды. Бұл ретте де Нәсір қыруар істің басы-қасында болып, жаңа заман талабына орай экономикалық ойлау қабілеті қарымды маман ретінде өзін көрсетіп, аталған реформаларды аудан шаруашылықтарында жүзеге асырудың штабында болды.

Нәскеңнің тағы бір қыры шебер автокөлік жүргізушісі, әрі техниканың тілін де білетін  жетік маман еді. Денсаулығын сылтау етпей, қызметтік көлігін өзі жүргізіп те, жөндеп те  алатын еді. «Москвич» автомашинасының ақауының емін сұрап келген адамдарға, бәз біреулерге ұқсап қызмет бабының буымен  бәлсінбей, көмектесіп жіберетін. Ол еңбекке ұмтылған, үнемі үйренуден жалықпайтын қайсар жан болатын. Жезқазған мен Ақтоғай жолдарында сан рет боран мен қыстың қытымыр аяздарында тәуекелге бел буып,  жол жүріп кетуге қорықпайтын. Қайта ондай кезде біз Нәскең үшін алаңдайтынбыз.

Тек жұмыста ғана емес отбасында да үлгілі азамат еді. Қай уақытта болмасын отбасының жайын ойлай жүру, балаларының өсіп жетілуіне аса ықтияттылықпен қарайтын. Үйдегі жасы жетіп отырған ата-енесінің, жары Күлпанның қас қабағына қарау, туыс-туғандарына қолынан келгенше қамқорлық жасау  – оның отағасылық борышы болатын. Ондай жайлардың сан рет куәсі болып, ол кісілердің алғысына бөленгендерін де білемін. Отанасы Күлпан ұқсатымды, Нәскеңнің жанашыр серігі, ыстығына күйіп, суығына тоңып, отағасының бар жағдайын жасап, ұрпағын тәрбиелеп отырған абзал ана.

Ата-ананың қатарластары, туған-туыстары туралы балаларына жақсы пікірлерді айтып отыруы, олардың ол кісілер туралы оңды пікірлерінің қалыптасуына ерен әсер етеді. Соның айғағы ретінде Нәскеңнің балалары мен бауырлары аракідік кездесіп қалғанда, жақсы пейілмен амандық-саулық сұрасып, шұрқырасып қалады. Сондай жайларда әкеге, бауырға деген сағынышты, біздер қатар жүрген  күндерге деген құрметін көздері мен ниеттерінен сеземін.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Жаңабек Қойлыбаев, Орал Шахуов, Құсман Қалиев, Рымбек Жүнісовтер бар  осы еске алып отырған Нәсір Болбақов басқарған аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында жақсы бір ұжымдық бірлік пен ынтымақ, сыйластық қалыптасты. Осы қалыптасқан моральді мінез-құлықтық қатынастардың  жұмыстың жақсы жүруіне ықпалы болмаса, еш бөгеті болған жоқ. Басқармадан, сан маман кеңшарларды басқаруға, облыстық мекемелерге жоғарылап, партия, кеңес органдарына жауапты жұмыстарға алынып, аудандық мекемелерді басқаруға қалыптасып шығып жататын. Олардың еңбегі  әрқашан Ақтоғай жұртының жадында. Қаншама басқарма бастығы мен олардың өндіріс жөніндегі орынбасарлары ауысып жатса да Нәскең орнында отыратын. Ол кез келген басшымен түсінісіп жұмыс жасауға қабілетті болатын және де аудан экономикасының жай-күйі мен қыр-сырын толық меңгерген ондай маманнан қандай басшы бас тартсын!?. Қысқасын айтқанда жұмыс жайы болса да, мекемеішілік моральді психологиялық жай болса да Нәскең  штаб жетекшісі еді. Басқарма мамандарының туған күндеріне мейрамдарда жұмысына байланысты жеңіл пародияларды мен шығарсам, қабырға газеттерін Төлеухан Бишаев марқұм тез-ақ дайындайтын. Осының бәрі басқарма бастығының орынбасары Нәскеңнің қолдауымен болып жататын.

Нәскең тек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының ұжымы үшін ғана емес, жалпы ауданның қандай даму кезеңі болсын оның экономикалық істеріне еңбегі сіңген ерекше жан. Ол менің алғашқы ұстаздарымның бірі. Жалғыз мен ғана емес, ауданның экономикасын жоспарлау және есеп саласында қызмет жасаған көптеген азаматтардың ұшталып, тәжірибе жинақтауына, еңбекке қалыптасуына еңбек сіңірді. Ауданда қаншалықты қызмет жасасам да осы азаматтың алдынан кесе көлденең өткен емеспін. Ол – айтулы маман, атпал азамат болатын.

Міне, осы бір азаматтың өмірден озғанына биыл 10 жыл толып отыр. Қоғам ауысқанымен, адамның өз дәуірі мен замана талабына сай халық үшін жасаған еңбегі мен ізгі ниеті, тағдыр-болмысы оны білетін азаматтардың есінде қалары сөзсіз. Артында, еңбек жолында көзін көрген шәкірттері мен ұрпағын жалғастырар балалары бар.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

       Төлеужан Ахметбеков,

Ақтоғай ауданының

 бұрынғы әкімі, әріптесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button