Облысымыз спортта да озық тұр

   Талай-талай дүбірлі додаларда оза шауып бәйге алған Қарағанды облысының спортшылары әлдеқашан әлемді аузына қаратқан. Кешегі Одақтың кезінде облысымыздың осал еместігін танытты. Тәуелсіз ел болып, етек-жеңімізді жиғаннан бері де Сарыарқаның саңылақтары алдына қара салмай тұр.

Қарағандылықтар қоржынында олим­пиадалық ойындардың, бүкіл одақтық, еуропалық, әлемдік жарыс­тардың жүлдегерлері бар. Үстел теннисі бойынша қарсыластарының жолын кескен Еуропа чемпионы Флюра Хасанов, бокстан КСРО және Еуропа чемпионы күрзі жұдырықты Серік Нұрқазов, жеңіл атлетикадан олимпиадалық ойындардың, әлем және Еуропа біріншілігінің чемпионы, Владимир Муравьев, классикалық күрестен Әлем чемпионы, апайтөс балуан Игорь Ростороцки, тіпті, Совет спортының мәртебесін биіктетті десек артық болмас. Сөздің орайы келгенде айта кетейін. Жаңаарқа ауданы бір уақыттары 80-нен астам КСРО спорт шеберлерін даярлаған екен. Ол уақытта КСРО-ның спорт шебері атану екінің бірі, егіздің сыңарының еншісіне бұйырмаған бақыт. КСРО-ны бағындырғандар әлем чемпионы атағымен теңдес болатын. 80 жылдары семсердей суырылған Қанат Байшолақов қазақ жастары арасында тұңғыш әлем чемпионы атанды. Содан кейін соңынан ерген бауырлары Талғат, Жанат Байшолақовтар байрақты бәсекелерде мықтылығын әлемге мойындатты. Сондай-ақ, Жақсыкүн Нығызбаев, Дүйсенбай Бөкенаев, Ғалым Жарылғапов, Ерден Халилин сынды саңылақтар эстафетаны жалғады.

Бақтай Сәпиев, Аркадий Топаев топ жарған кездерде облыстың бокс мектебі мықты деп жұрт баға берді. Бірегей зілтемірші, Мәскеу Олимпиадасында алтыннан алқа таққан Виктор Мазин елдің есінде болар.

Қарағандының спорт клубтары көптің көкейінен шықты. «Гефест» ФК, «Сарыарқа» хоккей, «Шахтер» футбол клубтары, «Шахтер-Юность» ФК өткізген тартысты ойындар Арқа жұртының айбынын асырды. Қарағанды тек жекелеген спортшылармен ғана емес, командалық спорт түрлерімен де мақтана алатындығын мойындатты. Кеңестік кезеңді сараламай-ақ, «Сарыарқа» хоккей клубы өткен маусымдарда Ресейдің Жоғары хоккей лигасында бас жүлдені еншілегенде бөркімізді көкке аттық. Тіпті, қатарынан 23 кездесу де жеңілмей, лиганың жеке рекордын жаңартты. Сондай-ақ, хоккейшілеріміз Братина кубогының финалына дейін жетті. Ала допты асыр салдырған қарағандылықтардың жөні мүлдем бөлек. Облыстың бас командасы саналатын «Шахтер» ел чемпионатында қатарынан екі мәрте көш бастады.

Жекелеген спорт түрлеріне қайта оралсақ, озық тұрған мықтыларымыз жетерлік. Тәуелсіздіктің Туы желбіреген уақыт аралығында арландарымыз Алаш есімін асқақ етті, атойлады. Қазақ боксы Олимпадада ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын үш рет иемденді. Сол үш Баркердің екеуі біздің Қарағанды облысы боксшыларының еншісінде. Бірінші Баркерді алған боксшы – «Балқаштың барысы» – Василий Жиров. Көп ұзамай Жиров кәсіпқой боксқа бет бұрып, Қазақстан боксшылары арасында тұңғыш рет IBF және WBС тұжырымдары бойынша чемпион атанды. Одан кейін Лондон олимпиадасында өзінің техникалық шеберлігін күллі әлемге паш еткен, Абайдың абаданы – Серік Сәпиев. Олимпиаданың ең биік шыңына көтерілмесе де, жүлдегерлер қатарынан көрінген Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Дмитрий Карповтың қайсы болмасын – біз мақтана алатын былғары қолғап шеберлері. Қазіргі таңда Генаның кәсіпқой бокста көрсетіп жүрген өнері таңдай қақтырады. Сонымен қоса, командалық есепте есе жібермеген бокстан облыс құрамасы 2011 жылы Қазақстан бокс федерациясының кубогын еншіледі.

Күресте де күніміз жарық. Қазақстан ұлттық құрамасының дзюдошыларының негізін осы Қарағанды балуандары құрап отыр. Максим Раков, Ислам Бозбаев, Ержан Шынкеев, Асыл Бәрменов сияқты балуандардың шеберлігінде шек жоқ. Қарағандылық спортшы Катя Чуйкина, қазақстандық гимнастика тарихында алғаш рет әлем біріншілігінің жеңіс тұғырына көтерілген бұрымдымыз. Қазақ қыздары арасында күрестен Эльмира Сыздықова тұңғыш рет Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.

Олай болса, Қарағанды спортшы­ларының алар асуы алда.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.