Облыс әкімінің орынбасары Әбуғалисын Шоқанбаевты қабылдады
Бүгін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Әбуғалисын Шоқанбаевты 70 жылдық мерейтойына орай облыс әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы арнайы қабылдап, өнер иесіне облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Әлібек Үсенұлы бұл күнді мерейтой иесінің ғана емес, барша Арқа жұртының, өнерсүйер қауымның тойы деп атап өтті. Себебі Әбуғалисын Шоқанбаев қазақтың шертпе күй мектебінің негізін салушы, қазақ өркениетінде айрықша із қалдырған ұлы күйші-композитор, әлемдік деңгейде ұлықтауға әбден лайық кемеңгер тұлға Тәттімбет Қазанғапұлының тамаша күйлерін орындаушы ғана емес, оларды халық арасында насихаттап жүрген тұлға.
Әбуғалисын Жақанұлы – дирижер деген сан қырлы, іздену мен бірнеше жылдық оқуды, зерттеуді қажет ететін аса күрделі мамандық иесі. Арқа топырағынан шыққан талант иесі Тәттімбет атындағы өнер колледжінде білім алып, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында атақты композиторлар мен дирижерлердің шеберханасынан шыңдалып шыққан. 40 жылға жуық шәкірт тәрбиелеген мәртебелі тұлғаға. Оның көп жылғы еңбегі, ізденісі мен мамандығына деген адалдығы ел алдындағы абыройын асқақтата түсуде.
Қабылдау барысында Әбуғалисын Жақанұлының өнердегі жанашырлары-әріптестері 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz