Руханият

Облысқа бас имам тағайындалды

Облыстық Әнет баба атындағы орталық мешітте, жұма намазының алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша жаңа өкіл имамын ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы таныстырды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен аймақтың бас имамы лауазымына бұған дейін Теміртау қаласының бас имамы қызметін атқарған Естай Айтуғанұлы Әбдіғали тағайындалды. Ресми шара облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов пен облыстың дін істері жөніндегі басқармасы басшысы Дулат Халелдің қатысуымен өтті.

Ал, Қарағанды облысының бас имамы ретінде он жылға жуық абыройлы қызмет атқарған Өмірзақ қажы Қазкенұлы зейнет демалысына шықты. Жиында оның иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Облыста асыл дініміздің абыройын асқақтатып, жамағаттың бірлігі мен татулығын нығайту жолында аянбай қызмет еткендігі үшін мешіт жамағатының шексіз алғысына бөленді. Бұл қызметте ол 2013 жылдың сәуірінен бастап, қоғамды дамыту, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту үшін адал еңбек етті.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің атынан Өмірзақ қажы Қазкенұлына жасампаз еңбегі үшін алғыс білдіріп, Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Ал, Естай Айтуғанұлын тағайындалуымен құттықтай отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында тілге тиек еткен мемлекеттіліктің сақталуы туралы салмақты пікір, орамды ойын ескере келе: «Біздің күшіміз – бірлікте!» деп айрықша атап айтты.

– Дін мен келісім мәселелері үнемі бақылауда. Жұмысыңыз барысында Сіз оларды әрқашан бірлікке шақырасыз деп үміттенеміз. Біз үнемі қасыңызда боламыз және кез келген минутта көмекке келуге және қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Өз кезегінде Өмірзақ қажы Бекқожаұлы асыл дінді қастерлеп, имандылық пен бейбітшілікті насихаттау барысында өзіне қолдау көрсеткен азаматтарға, облыс әкімдігіне шексіз ризашылығын білдірді.

– Үштөбе, Ростовка ауылдарында, Жаңаарқа ауданында және басқа да аудан, қалаларда мешіттер мен медреселер, қарилар орталығы ашылды. Алдағы уақытта тағы да бой көтермек. Алла Тағала аймағымызды, елімізді бірлік пен татулықтың, ынтымақтың мекені еткей! Енді, осы жаңа имам, Естай бауырымызға құрмет көрсетіп, қолдап, бірге асыл дініміздің бекемдігі жолында иық тіресе қызмет ететіндеріңізге сенемін, – деді Өмірзақ қажы Бекқожа.

Естай Айтуғанұлы Әбдіғали – 1995 жылы 18 қаңтарда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жұмыскер ауылында туған. 2001-2012 жылдары сол ауылдағы орта мектепті бітірген.

2012-2015 жылдары Астана қаласындағы «Нұр Астана» медресесінде діни сауат ашып, 2016-2019 жылдары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша білім алған.
2015 жылы Саран қаласының мешітінде ұстаздық қызмет атқарса, 2016-2018 жылдары Бұқар жырау ауданы, Ростовка ауылындағы «Балкен ана» мешітінің бас имамы қызметін атқарған.

Ал, 2018-2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінде наиб имам, 2020 жылдың ақпан-маусым айларында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, 2020 жылдан осы уақытқа дейін Теміртау қалалық орталық «Әлихан Бөкейхан» атындағы орталық мешіттің бас имамы қызметін атқарды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button