Жаңалықтар

Оқырманымыз – 17 000

Қолыңызда – «Орталықтың» 2018 жылғы алғашқы саны. 17000 табалдырықты Жаңа жылмен бірге аттаған. Жылдағыдай, желтоқсан айының соңғы аптасында баспасөзге жазылу науқаны аяқталды. Межені еңсердік. Өзіңіздей оқырманмен бірлесіп. Дегенмен, көздеген көрсеткішке қол жеткізе алмаған қалалар бар…

Биыл да көштің тізгінін Нұра ауданы (әкімі – Ниқанбай Омарханов) ұстады. Жазылу жоспарын 168,6%-ға орындап. Шет ауданының (әкімі – Марат Жандәулетов) тұрғындары 1341 дана «Орталыққа» жазылып, жазылу науқанын 111,9%-бен қорытындылады. Алғашқы «үштіктегі» Ұлытау ауданы (әкімі – Әнуар Омар) жазылу науқанын 111,5%-бен түйіндеді.

Қуанғанымыз, Қарағанды қаласы қазақыланып келеді екен. Межені 100,4%-ға жеткізді.

Ал, Осакаров ауданы (109,3%), Приозерск қаласы (104,9%) және Ақтоғай ауданы (104%) жазылу науқанын жақсы көрсеткішпен орындады. Бұдан кейінгі орындарда – Балқаш қаласы (103,9%) және Бұқар жырау ауданы (103,9%).

«Орталық» оқырмандарының Қарқаралы ауданындағы қарасы қалың екендігін атап өту керек. Аталған ауданға «Орталықтың» 1304 данасы жөнелтіледі. Көздеген межені 102,2%-ға орындапты.

Жазылу науқанын Абай ауданы – 101%-бен, Шахтинск қаласы, Жаңаарқа ауданы – 100,3%-бен және Қаражал қаласы 100%-бен түйіндеп отыр.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газеті – Мемлекет басшысы бастамаларының жаршысы. Мемлекеттік-ақпараттық саясатты насихаттаушы. Қоғамдағы оң өзгеріс­тер мен кемшін тұстарды да аймақтың бас басылымынан оқисыздар. Демек, қала, аудан әкімдерінің жұмысын жазылу науқанынан бөле-жарып қарау әсте мүмкін емес.

Әлі таңбыз. Былтырғының «жырын» биыл да салғызған Жезқазған қаласы (әкімі – Батырлан Ахметов) – көш соңында. «Орталыққа» жазылу жоспарын 81,6%-ға (1121 дана) әупірімдеп жеткізген екен. Теміртау қаласының да көрсеткіші мәз емес (83%). Сондай-ақ, Сәтбаев қаласы (90,6%) мен Саран қаласы (95,9%) Елбасы саясатын насихаттайтын газетке жазылу науқанына немқұрайды қараған сыңайлы.

Әзірге 17000 дананы місе тұттық. Негізі, бұл көрсеткіш 20000-нан асып жығылса да  жарасымды еді. Ол күн де алыс емес деп сендік.

Бастысы, «Орталықтың» таралымы өзгерсе де, талғамға сай жазу міндеті еш өзгермек емес. Біз аймақтың ажарын, әр шаңырақтың абыройлы істерін қаламға арқау етуге әзірміз. Сәтімен болғай!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button