«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Оқырман мен «Орталық» қауышқан сәт

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Өлке тұлғалары» тележобасы аясында «Ғибратты жолдың ғанибеті» атты дөңгелек үстел өтті. Ерекше түрде ұйымдастырылған шара облыстық «OrtaIyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдығына арналып, оған есімдері елге белгілі аймақтың ардагер жазушы-журналистері мен абыз басылымның басшылығы шақырылды.

Газеттің өткенін саралап, қоғам дамуына қосқан үлесі мен ескірмес естеліктер айтылған тағылымдық кешке жас оқырмандар, журналистика мамандығында білім алып жатқан студенттер һәм кітапханашылар қатысып, көкейінде жүрген сауалдарына жауап алды. Жиын қонақтардың ғибратты өмір жолының қыр-сырын аша отырып, өнегелі өмірін жастарға үлгі етуді көздеді. Өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханқызы тізгіндеген шара еркін форматта, жинақы өрбіді. Кешке қатысқан қонақтарға экраннан сұрақ жасырынған арнайы ұяшықтар ұсынылды. Сауалдарға әрқайсысы өз өмірлік тәжірибесі мен біліктілігі тұрғысынан әсерлі әрі мағыналы түрде жауап беруі тиіс болды. Бұл әдіс қонақтардың көңілінен шығып, өздеріне бұйырған сұрақтарға құлшына жауап берілді. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Аман Жанғожин, Қазақстанның Құрметті журналистері Серік Сексенов, Сағат Батырхан, Әли Тойжігіт, ҚР Мәдениет қайраткері Сүйіндік Жанысбай, «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры, ҚР Ақпарат саласының үздігі Қамбар Ахмет, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ерсін Мұсабек, «Qaragandy Habary» қалалық газетінің Бас редакторы Ләззат Қожахметова сынды журналистика майталмандары ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

– Мен алғашқы еңбек жолымды осы 90 жылдық тарихы бар қарашаңырақтан бастап, журналист ретінде ысылып, қанаттанып шықтым. Мұны әрдайым мақтан тұтамын. Бүгін оқырман мен «Орталық» арасындағы кереметтей кездесудің куәсі болдық. 90 жыл аз уақыт емес. Аймақтың шежіресіне айналған, тарих тереңінен сыр шертетін аға басылымның әр бетінен үлкен тағылым, ғибрат алуға болатынын осы шарада естідік, көрдік, жастарға әңгімелеп бердік, – дейді Әли Тойжігіт.

Сонымен қатар, жастар қонақтар назарына тарих қойнауына жетелей түсетін 3 суретті ұсынып, ол суреттерден алған әсерін өз өмірімен, жарқын естелігімен байланыстырып айтып беруді сұрады. Бұл сында да әбден сүйегіне сөз сіңген жорға журналистер татымды жауап беріп, оқырманның көңілінен шықты.

– Осындай ерекше шара ұйымдастырған орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне алғысымыз шексіз. Бұл жиынның маңыздылығы мұнда журналист мамандығын таңдаған жастар келіп отыр. Олар осы кездесуден газет пен оқырман арасындағы үзілмес байланысты ұғып, қоғам өміріндегі баспасөздің маңыздылығын түйсінеді, – деді Қамбар Жұмағалиұлы.

Оқырман мен журналист кездескен аяулы сәт соңында кітапханалар жүйесінің оқырмандары сөз алып, қонақтарға алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button