Мемлекеттік аппаратты жаңғыртудың кешенді жоспары әзірленеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, қағазбастылықтан толық арылу қажеттігін айтты. Оның сөзінше, басқару жүйесіндегі артық рәсімдер қысқарып, қайталанатын міндеттерді жою үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану керек.

Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесін де көтерді. Ол мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеуді ұсынды. Әрбір қызметкер Конституция талаптарын басшылыққа алып, елге және халыққа адал қызмет етуге тиіс екенін атап өтті.
Президент шынайы реформалар жүргізу қажеттігін айтып, көзбояушылыққа жол бермеуді тапсырды. Оның пікірінше, мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту үшін нақты құқықтық және қаржылық шаралар қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігіне 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын ұсынуды тапсырды. Жаңғырту жұмыстары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономика талаптарына сай жүргізілуі керек.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



