Қарағанды

Оқушылар – өлең өлкесінде

   №86 жалпы білім беретін орта мектепте «Жыр-жалын» атты поэзия клубының тұсауы кесілді жақында. Поэзия клубының ашылуына қалалық білім бөлімінен өкілдер, мектеп ұстаздары мен оқушылары һәм Қарағанды ақындары қатысты.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз тегін айтылмаса керек. Білім ошағының директоры Нұрбол Күнеділов: «Өлеңге, әдебиетке жақын баланың жаны ізгілікке құмартып тұрады. Жақсылыққа құштар болады»,– десе, поэзия клубының жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аңсаған Алпысбайқызы: «Оқушылардың жыр орталығын құру – уақыт талабынан туып отыр. Мектебімізде онға тарта өлең жазатын бала бар. Оның сыртында әдебиетке құмарлары қаншама. Оларды көріп, жайбарақат жүру мүмкін емес. Содан туған бастама. Мақсатымыз – оқушылардың талабын ұштап, одан әрі ынталандыра түсу»,– дейді.

Поэзия клубының жетекшісі айтса, айтқандай екен. Өлеңге таласы бар оқушылардың талабы таңдай қақтырды. Өлеңдері өршіл рух пен асқақ сезімдерге толы. Талапкерлердің өлең оқудағы машығы да ерекше.

Оқушылар жыр орталығының ашылу салтанатына Руслан Нұрбай, Жанат Жаңқашұлы, Аян Мейраш бастаған қарағандылық ақындар мен қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлназ Жаркеева қатысып, өз шығармаларымен бөлісіп, өлең оқыған жастардың қаламына қуат, шабытына шуақ тіледі.

Жәнібек ӘЛИМАН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button