Жаңалықтар

Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы есеп берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ полиция мен қоғам арасында әріптестік қарым-қатынас жүргізу жөніндегі тапсырмасы аясында құқық қорғау органдары көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ашықтық пен қолжетімділікті нығайту мақсатында халықпен тығыз байланыс орнатуда. Бұл сөзімізге дәлел – облыстық полиция департаменті Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат АТКЕЕВТІҢ халықпен есептік кездесуі.

Суретті түсірген автор

Жиында облыстық полиция департаментінің, Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің, полиция бөлімінің желілік бөлінісі қызметкерлері халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Кездесуді өз баяндасымен ашқан Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы Азамат Аткеев 2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 17,2 пайызға төмендегенін атап көрсетті. Қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмаудың бірден бір жолы алдын алу шаралары болса, учаскелік полиция инспекторларының тарапынан халықпен кездесу жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып тұратынын айта кетті. Дәлірек айтсақ, 2019 жылы халықпен 170 кездесу өткізілсе, оған 3600-ден аса азамат қатысқан екен.

«Қаламыздың Оңтүстік-Шығыс аумағында 170 мыңнан астам халықтың бар екенін ескерсек, учаскелік полиция инспекторларымен кездесуге келген халықтың саны аз екенін көре аламыз. Демек, бұл тұрғындар тарапынан белсенділіктің төмен екенін көрсетеді. Оңтүстік-Шығыс секторының аумағы жылдан жылға өсіп, өркендеп келе жатқаны баршаңызға белгілі. Көптеген жаңадан тұрғын үйлер салынып, жыл санап халық саны артуда. Сондықтан, сіздердің азаматтық ұстанымдарыңызды білгім келеді», – деді өз сөзінде полиция подполковнигі Азамат Киікбайұлы.

Кездесуге келген халықтың сауалдары қар тазалау жұмыстарының ұйымдастырылуы, алкогольдік ішімдіктерді сататын дүкендермен жүргізілетін жұмыс, қозғалған қылмыстық істердің барысы, қаңғыбас иттермен күрес жұмысы төңірегінде болды. Қойылған сұрақтарға полиция қызметкерлері барынша жауап беруге тырысты. Қылмыстық істер туралы толық мағлұмат алу үшін Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы жеке қабылдауына шақырды.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button