Жаңалықтар

Оқиға салдары – салғырттық

    Облыстық инфекциялық ауруханасында және Теміртау орталық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінде орын алған қайғылы оқиғаларға байланысты тексеріс аяқталды. Бұл туралы Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ольга СМИРНОВА БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған брифингте жан-жақты мәлімет берді.

Комиссия аталған жағдайлардың екеуінде де Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 317-бабының үшінші бөлігі, яғни, медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы, сол сияқты медициналық көмек көрсету тәртібін немесе стандарттарын сақтамауы және 322-бабының үшінші бөлігі – медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен осы қызмет түрiне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның айналысуы белгілерін қарастырады.

Ольга Смирнованың айтуынша, комиссия 23 желтоқсанда және 3 қаңтарда орын алған оқиғаның салдары ғана емес, сәбилердің дүниеге келген сәтінен бастап жүргізілген  медициналық құжаттар да тексерілген. ҚР Денсаулық министрлігі, Республикалық деңгейдегі мамандардан құралған комиссия құрамы екі жағдайда да балаларды емдеу үшін пайдаланылған гистологиялық препараттарды қайта тексеруден өткізді.

Комиссия балалардың ауыр халі кәсіби тұрғыдан нақтыланбаған және сол күні ауруханада кезекшілік еткен медициналық қызметкерлер кәсіптік міндеттерін дұрыс орындамаған деген қорытындыға келді. Қабылдау бөліміндегі және емдеуші дәрігердің өзін айтпағанда, медбикелердің функционалдық міндеттерін атқаруы кезінде жұмыстарындағы бірқатар кемшіліктер анықталды. Тіпті, кезекші дәрігердің инфекционист біліктілігі болмаған. Ішкі ережеге сәйкес, инфекциялық ауруханада кезекшілікке жіберілген дәрігердің мамандығы – педиатр.

– Айзере Қаһарманованың жағдайында жіті респираторлық вирусты инфекцияның нәтижесінде дамыған улану, есеңгіреу және асқазан ішек жолдарының және өкпесінің зақымдалуы орын алған. Балада жіті бронхит және жіті ішек жұқпасы клиникалық белгілерінің болуы осы жайттармен тікелей байланысты. Ал, Аслан Манасовтың жағдайында ішкі ағза тамырларының вирусты зақымдалуы нәтижесінде болған бас миының ісінуі қайғылы оқиғаға әкелген, – дейді Ольга Смирнова. Яғни, екі жағдайда да сәбилерде тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдарының вирусты инфекциясының қатар келуі қайғылы оқиғаға душар еткен.

Ал, осыған дейін айтылған, балалардың аурухана ішінде инфекция жұқтыруы мүмкін деген болжам жоққа шығарылды. Шұжық – бар болғаны балалардың вирусты инфекция салдарынан  әлсіреп тұрған иммунитетіне әсер еткен. Салдарынан, ауру асқына түскен.

Зерттеу сонымен қатар, балаларда ротавирус, энтеровирус және бокавирустың болғанын анықтады. Бұл  инфекциялар тыныс алу жолдарын ғана емес, басқа да ағзаларды да зақымдаған.

Зерттеу нәтижелері Қарағанды облысының Ішкі істер департаментіне жіберілген. Тергеу жүргізілуде, кінәлілер анықталатын болады.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Хорошаш облыста кадр жетіспеушілігі байқалатынын атап өтті. Мысалы, Облыстық инфекциялық аурухана  небәрі 61 пайызға ғана инфекционист дәрігермен қамтамасыз етілген.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button