Жаңалықтар

Қоғамның басты дерті

   Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ. Дегенмен, қабылданған кешенді шаралардың арқасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалып келеді.

Мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалық өсу қарқынынң тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеленістердің құрт асқынуына ұрындырады. Сонымен қатар, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер жаппай жемқорлыққа салынған жағдайда құқық қорғау органдары оларды жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтын жағдай қалыптасады. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің парақорлығы. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады.

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіңе бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Сол себептен бірінші аталған аурумен қоғам болып белсенділік танытып, күресуіміз қажет. Кез келген адам сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс ретінде танып, өз бойын бұл аурудан алшақ ұстауға тырысуы керек. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл – тамырын тереңге жайса қатер төндіретін қауіпті кесел. Сол себептен, бұл ауруды тудырып отырған, дамуына, таралуына жол беріп отырған факторларды біліп-танып, алдын алу, профилактория шараларын қоғам болып жүргізуге тиіспіз.

Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын толық білуі қажет. Кез келген өркенитетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу ең өзекті мәселе болып табылады. Бәріміз бір жұдырықтай жұмылып, аталған кеселмен күрессек, бұл аурудың тамырына балта шабатынымызға сенімдімін.

Еркін ШАЙМАҒАНБЕТОВ,

ҚР ҚМ ҚК Қарағанды

облысы бойынша

Қазынашылық

департаментінің Октябрь

аудандық қазынашылық

басқармасының басшысы.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button