Жасыл қорды еселейтін жылыжай
Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде орман дақылдарын өсіруге, сапалы отырғызу материалын көбейтуге және заманауи технологияларды енгізуге басымдық берілуде. Осы бағыттағы маңызды жобаның бірі – жабық тамыр жүйесі бар қылқан жапырақты ағаш көшеттерін өсіруге арналған жаңа жылыжайдың құрылысы.

Көшет өсірудің жаңа технологиясы
Жаңа нысан Шахтинск маңындағы Новодолинск кентінде орналасқан тұрақты орман питомнигінің аумағында бой көтереді. Жоспар бойынша, келер жылы мұнда Қарағанды облысындағы қылқан жапырақты көшеттерді жабық тамыр жүйесімен өсіретін алғашқы заманауи жылыжай іске қосылуы тиіс.
Нысан іске қосылғаннан кейін жылына бір миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік береді. Қазір болашақ жылыжай кешенінің орнында құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Геодезистер аумақтың шекарасын белгілеп, нысандардың орнын анықтауда. Ал, келер жылы бұл жерде Қарағанды облысындағы қылқан жапырақты көшеттерді жабық тамыр жүйесімен өсіретін алғашқы заманауи жылыжай іске қосылады.

Жоба 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Нысанды жобалаумен «STROYCONSALTING» ЖШС айналысады. Құрылыс жұмыстарының бас мердігері – «ТОПРОФАСАД» компаниясы. Жобаға бюджеттен шамамен бір миллиард теңге бөлінген.
Қарағанды облысының орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі шаруашылығының орманды молықтыру және орман өсіру жөніндегі инженері Эдуард Крюков жаңа кешен өңірдің ормандылығын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды жобаның бірі екенін атап өтті.
– Тұрақты орман бағының аумағы 41 гектарды құрайды. Қазір мұнда жылыжай кешенін салу жұмыстары басталды. Бұл – Мемлекет басшысының ормандылықты арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытындағы маңызды қадам. Кешен жыл сайын жабық тамыр жүйесі бар бір миллион қылқан жапырақты көшет өсіруге мүмкіндік береді. Бұл – облыс үшін үлкен серпіліс. Сапалы көшетпен қамтамасыз етіп, орман алқабын көбейтуге жол ашады. Мұндай кешен өңірде бұрын болған емес, – деді ол.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер қазу, ғимараттардың орнын белгілеу және бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Бұл нысанның құрылысын бас мердігер – «ТОПРОФАСАД» компаниясы жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта жер қазу жұмыстары және ғимараттардың орнын белгілеу, бөлу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында өндірістік база мен көшеттерді жабық тамыр жүйесімен өсіруге арналған жылыжай салу қарастырылған, – деді жоба жетекшісі Мұхаммеджан Махмутов.
Жаңа кешеннің басты ерекшелігі – жабық тамыр жүйесі технологиясы. Оның негізгі артықшылығы – көшет өсіру мерзімін қысқарту және өсімдіктің тұрақты жерге отырғызылғаннан кейінгі жерсіну мүмкіндігін арттыру.
Дәстүрлі әдіспен ашық топырақта көшетті қажетті өлшемге жеткізуге шамамен екі жыл қажет. Ал, жылыжай жағдайында бұл мерзімді бір жылға дейін қысқартады. Яғни, бір жылдың ішінде даму деңгейі шамамен екі жылдық көшетке сәйкес келетін отырғызу материалын алу көзделген.
Технологияның тағы бір ерекшелігі – көшеттің тамыр жүйесі топырағымен бірге сақталуында. Сондықтан, оны жаңа жерге отырғызу кезінде тамыры аз зақымданып, өсімдіктің жерсіну көрсеткіші жоғары болады.
Бұл Қарағанды облысы үшін айрықша маңызды. Себебі, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы күрделі. Орман өсіруде көшеттің көп болуы ғана емес, оның жаңа ортаға бейімделіп, әрі қарай өсуі де шешуші рөл атқарады.
Жылыжайда өсімдіктің дамуына қажетті жағдай автоматтандырылған жүйелер арқылы бақыланады. Мұнда микроклиматты реттеу, заманауи суару және жаңбырлатып суару жүйелері қарастырылған. Сонымен қатар, тұманды суару технологиясы қолданылмақ.

Осының бәрі өсімдікке қажетті температура мен ылғал деңгейін сақтап, оның өсу қарқынын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Алайда, жылыжайда өскен көшет бірден орманға отырғызылмайды. Алдымен арнайы жетілдіріп өсіру алаңдарына көшіріліп, біртіндеп ашық ортаға бейімделеді. Осы кезеңнен кейін ғана тұрақты жерге отырғызу жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа кешенде негізінен кәдімгі қарағай көшеттерін өсіру жоспарланған. Мамандардың айтуынша, қылқан жапырақты ағаштар жапырақты өсімдіктерге қарағанда баяу өседі. Сондықтан, олардың бастапқы даму кезеңінде барынша қолайлы жағдай жасау маңызды.
Кәдімгі қарағайдың Қарағанды өңірінің табиғи жағдайына бейімділігі де ескерілген.
Бір тонна бүрден – 10 мың тұқым
Болашақ жылыжайдың жұмысына қажетті тұқым қорын дайындау да маңызды міндет. Мамандар қараша айынан кәдімгі қарағай өсетін арнайы бөлінген учаскелерден тұқым жинауды жоспарлап отыр.
Жиналған тұқымдар алдымен өңдеуден өтіп, кейін зертханада сарапталады. Мұнда олардың өнгіштік көрсеткіші анықталады.
Тұқым жинау – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, еңбекті көп қажет ететін жұмыс. Орта есеппен бір тонна бүрден шамамен 10 мың тұқым алынады. Ал, сол тұқымдардың әрқайсысы болашақта үлкен ағашқа айналуы мүмкін.
– Бір дәннен ағаш өсіру үшін көп еңбек пен мейірім керек. Біз олармен сөйлесеміз, күтіп-баптаймыз, суарамыз. Тұқымның өніп шыққанына қуанамыз. Одан орман пайда болғанша ондаған жыл өтетінін жақсы түсінеміз, – дейді Эдуард Крюков.
Мамандардың айтуынша, кішкентай тұқымнан адам бойындай ағаштың қалыптасуына шамамен алты жыл қажет. Толыққанды ірі ағаштың өсуіне бірнеше ондаған жыл кетеді.
Орман баққа қарағайдан бөлек, терек, мамыргүл, қайың секілді түрлі өсімдіктер де өсіріледі. Әсіресе, мамандар қайың өсіру бойынша жүргізілген тәжірибені ерекше атайды.
– Бізде, тіпті, «орманды кез келген адам отырғызады, ал қайыңды өсірген – нағыз орманшы» деген әзіл бар. Қайыңды тәжірибе ретінде септік. Нәтижесінде шамамен 120 мың көшет алдық. Біздің топырақ үшін бұл оңай емес. Көп адам оның шығатынына сенбеді, – дейді маман.
Өңірдегі орман бағының өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында оның аумағын кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы» базасында жалпы аумағы 41,27 гектар болатын тұрақты орман тұқымбағы жұмыс істейді. Оның 25,9 гектары – суармалы жер.
Жобалық қуаттылығы жылына 1,3 млн дана стандартты көшет өндіруге есептелген. Оның аумағын кезең-кезеңімен ұлғаяды. 2025-2027 жылдары орманбаққа тағы 40 гектар жер қосылады. 2025 жылы 10 гектар аумақ кеңейтілсе, 2026 жылы тағы 10 гектар қосу көзделген. Ал, 2027 жылы 20 гектар жер қосылады. Осылайша питомниктің жалпы аумағы шамамен 80 гектарға жетеді.
Көшет өндірісі де ауқымды. Биыл орман отырғызудың кешенді жоспарын іске асыру үшін онда 5,5 млн дана көшет өсірілді. 2026 жылға арналған қорда 2,3 млн дана көшет бар. Оның 888 мыңы – үйеңкі, 1 млн 384,3 мыңы – қарағаш.
Ал, 2027 жылға арналған көшет қоры 3,2 млн дана болады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 929,7 мың үйеңкі, 2 млн 57 мың қарағаш, 149 мың қарағай және 50,6 мың қараған көшеті бар.
027 жылға дейін 7 млн көшет отырғызылады
Орманды қалпына келтіру жұмыстары лық орындалып, 448,2 гектар аумаққа 2,1 млн дана жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылды.
Биыл жалпы көлемі 602,6 гектар жерге 2 млн 272,4 мың дана көшет отырғызу жоспарланған. Оның ішінде, Ақтоғай орман шаруашылығына – 318 гектарға 1 млн 60 мың, Қу орман шаруашылығына – 95,7 гектарға 512 мың, Қарағанды орман шаруашылығына – 188,9 гектарға 699,98 мың дана көшет тиесілі.
Көктемгі кезеңде орман дақылдарын толықтыруды қоса есептегенде, 559,6 гектар аумаққа 2 млн 120,8 мың дана көшет отырғызылды. Қалған 63 гектар жерге күзде тағы 209,9 мың дана көшет егу жоспарланған.
Келесі жылға да дайындық басталып кеткен. 2027 жылы 649,3 гектар аумаққа орман дақылдарын отырғызу жоспарлануда. Оның 117,3 гектары – Қу орман шаруашылығына, 332 гектары – Ақтоғайға, 200 гектары Қарағанды орман шаруашылығына тиесілі.
Орман қорын көбейтумен қатар, табиғи аумақтарды абаттандыру және жаңа жасыл аймақтар қалыптастыру жұмыстары да қолға алынған.
– Биыл облыс аумағында 208 гектарға жуық жерге көшет отырғызылды. Оның ішінде, 20 гектарға қарағай егілді, сондай-ақ 90 мың түп үйеңкі мен қарағаш көшеті отырғызылды. Келесі жылға тағы 200 гектар жер дайындалып жатыр. Оның 20 гектарына қылқан жапырақты ағаштар егіледі. Оның 10 гектары Қарағанды қаласының маңында, тағы 10 гектары Шахтинск қаласында орналасады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаңа Тихоновка орманында экопарк жобасы жүзеге асырылуда. Жұмыстарды қараша айында аяқтау жоспарланған, – дейді Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі шаруашылығы мекемесінің директоры Мақсат Мұқанов.
Тихоновкадағы экопарк жобасы орман өсірумен қатар, тұрғындарға арналған жаңа жасыл кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
Автоматтандыру бар, адам еңбегі де қажет
Жаңа кешен заманауи автоматтандыру жүйелерімен жабдықталғанымен, адам еңбегін толық алмастыра алмайды.
Жылыжайда шамамен он жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Мұнда қызметкерлер тұқымды дайындау және өңдеу, себу, көшеттерді күтіп-баптау, суару, өсімдіктерді бір алаңнан екіншісіне көшіру секілді жұмыстарды атқарады.
Ал, микроклиматты бақылау, температураны реттеу, суару және басқа да бірқатар процесс автоматтандырылған жүйелер арқылы жүзеге асады.
Дегенмен, технология өсімдіктің жағдайын бақылап, қажет кезінде оған күтім жасаудың орнын толық баса алмайды. Мұнда адам еңбегі, тәжірибесі мен ұқыптылығы да аса маңызды.
Бүгін отырғызылған көшеттің ертең үлкен ағашқа айналмайтыны анық. Адам бойындай биіктікке жетуінің өзі бірнеше жылды қажет етеді. Тұтас орман алқабының қалыптасуына ондаған жыл керек.
Сондықтан, орман өсіру – бір маусымда аяқталатын жұмыс емес. Бұл – нәтижесі бірнеше ұрпаққа жалғасатын ұзақ мерзімді еңбек.
Жаңа жылыжай кешенінің іске қосылуы өңірді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз етіп қана қоймай, көшет өсіру мерзімін қысқартуға, оның жерсіну мүмкіндігін арттыруға және орманды қалпына келтіру қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі орманшылардың еңбегінің нәтижесі ондаған жылдан кейін көрінуі мүмкін. Бірақ, сол болашақ орманның негізі дәл қазір, осы жылыжайда қаланып жатыр.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»



