Елена Рыбакина US Open қарсаңында әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open-2026 турнирі қарсаңында жаңартылған WTA live-рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Оның қоржынында қазір 7911 ұпай бар.

Рыбакина былтырғы US Open турнирінде жинаған 230 ұпайын ғана қорғауы керек. Ал қазіргі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко биыл өткен жылғы чемпиондық атағы үшін алған 2000 ұпайын қорғауға тиіс. Сондықтан америкалық додадағы нәтижелер рейтингтегі жағдайға тікелей әсер етеді.
Соболенко 6585 ұпаймен екінші орында болса, үздік үштікті 6495 ұпайы бар америкалық Джессика Пегула түйіндеп тұр.

Ресми WTA рейтингі турнир аяқталғаннан кейін жаңартылады, ал live-рейтинг жарыс барысындағы нәтижелерге қарай есептеледі. WTA мәліметінше, Рыбакина US Open-нің жартылай финалына шықса, басқа теннисшілердің нәтижесіне қарамастан әлемнің бірінші ракеткасы атанады.
Қазақстандық теннисші Нью-Йорктегі турнирдің алғашқы айналымында америкалық 17 жастағы Тея Фродинмен кездеседі. Жас спортшы жарысқа арнайы шақырту арқылы қатысып отыр. Бұл — оның Үлкен дулыға турнирінің негізгі кезеңіндегі алғашқы жарысы.
Рыбакина үшін US Open биылғы маусымдағы маңызды жарыстардың бірі. Ол жыл басында Australian Open турнирінде жеңімпаз атанып, мансабындағы екінші Grand Slam титулын иеленген.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



