Жаңалықтар

Қоғамды біріктірудің басты күші

Елімізде «Медиация туралы» Заң бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Аталған Заң азаматтар арасында өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың шиеленісті реттеуіне үлкен мүмкіндік болып отыр. Жыл өткен сайын «медиацияның» көмегіне жүгінетін адамдар саны да артып келеді. Бұл өз кезегінде талап арыздарды сотқа тікелей жібермей, алдын ала шешуге мүмкіндік береді.

Медиация – қоғамды бірлестірудің басты күші ретінде келісімге келу, даулар мен келіспеушіліктерді өзара тиімді шешімге келтіру, азаматтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша соттан тыс реттеу, шешу, соттардан тыс тәртіппен жүргізу институттар жүйесін және оның оң тәсілдері мен тетіктерін одан жоғары дамытуды қолға алған дұрыс. Медиацияның негізгі мақсаты келіспеушіліктегі оң жақ пен кінәліні анықтау емес, медиацияның негізгі мақсаты тараптарды келісімге келтіру болып табылады. Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни, медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы əдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Жоғарыда атап өткендей, аталмыш заң жеке жəне заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық жəне өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ, онша ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Ал, келесі жағдайда, ол әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жəне мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды.

Қорыта келгенде, Елбасы Жарлығымен 2011 жылы қабылданған Заң толыққанды, кідіріссіз жүзеге асуы үшін бақылауда болуы қажет. «Медиация туралы» Заңның қажеттілігі мен оның дамуы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Қазақ қай заманда да сөзге тоқтаған, билердің қара қылды қақ жарып айтқан төрелігін аяқасты етпей, ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған. Бір кездері жер мен жесір дауы, барымта мен қарымта дауы ел ішінде от ауызды орақ тілді шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен әділ шешімін тауып отырды. Сол ұлы дәстүр бүгінгі күні заңнамаға еніп, өмірімізге қайта оралды. Бүгінде сол ауыл ақсақалдарының, беделді билердің орнын медиаторлар алмастырып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында адами капиталдың сапасын жақсартуды тапсырды. Бұл процесте медиация тетіктерін енгізу маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар, Елбасы 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім» деп атап өткен болатын. Яғни, тараптарды татуласуға тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті дамытудағы таптырмас тәсіл – медиация.

М.ҚҰСАЙЫНОВА,

Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің Медициналық психология және коммуникативтік дағдылар кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистр

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button