Жаңалықтар

Қоғам белсенділері қолдайды

   Сейсенбі күні Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВАНЫҢ төрағалығымен демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» облыстық коалициясының кезекті отырысы өтті. Шарада Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

Қатысушылар қатарында саяси партиялардың облыстық филиалдары басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіптік және қоғамдық қауымдастықтардың, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – елімізді дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосуға бағытталған жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға жетелейтін аса маңызды бағдарламалық құжат. Бұл Жолдауда негізгі он бағыт бойынша елді дамыту кезеңдері айқын жазылған. Жолдаудың басты құндылығы – отандастарымыздың денсаулығы мен əл-ауқатын жақсартуға негізделген нақты тапсырмалардың атап көрсетілгені, – деді Қадиша Оспанова.

Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов Президенттің бұл Жолдауы индустриалды-инновациялық дамуға негізделген жаңа экономикалық модельге көшуге жүйелі жол салатынын тілге тиек етті.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы – ертеңгі ел дамуы үшін аса маңызды. Осыдан бес-алты жыл бұрын еліміздің стратегиялық даму жоспары көршілес Ресей мемлекеті сарапшыларының жоғары бағасына ие болды. Сондықтан, Көшбасшымыз осы стратегиялық жоспардан шығатын орамды ойларын әр жылғы Жолдауында ерекше атап көрсетеді. Өздеріңіз біліп отырғандай, заман күн санап түрленіп, өзгеру үстінде. Технология, білім, ғылым, мемлекеттер арасындағы экономикалық бәсекелестік – бәрі-бәрі жылдан-жылға жаңғыру жолында. Осының қай-қайсысы болмасын біздің елімізге де қатысты. Осы өзгерістерге біз де дайын болуымыз қажет. Осыған орай, экономист, ғалым ретінде өз басым Елбасының бұл жолғы Жолдауын өте жоғары бағаладым, – деді Ерқара Аймағамбетов.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Александр Зевахин мен «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының облыстық филиалының төраға орынбасары Қуаныш Төлеуов ел Президентінің жоғары технологияны дамытуды көздеген бағытына қолдау білдірді.

Спикерлер биылғы Жолдау – мемлекет саясатының əлеуметтік бағытқа негізделгенін, инновация мен цифрландыру – Қазақстанды дамуға жетелейтін басты мүмкіндіктер екенін де ерекше атап өтті. Мәселен, 2016-2017 жылдары əлеуметтік төлемдер үш мәрте өссе, биыл əлеуметтік сала шығындары 12%-ға үстемделді. Бұл ретте, облыстық «Видергебурт» неміс қоғамының төрағасы Виктор Кист Елбасы ұстанған сарабдал саясаттың салмақтылығын сөз етіп, ел өркендеуінің өзегі екенін жеткізді.

Еліміздің елеулі жетістігі – ұлтаралық келісім мен бірлік. Бұл біздің ең басты құндылығымыз, əрі, оны көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Себебі, бірліксіз жарқын болашақ жоқ екендігін Мемлекет басшысы да сан мәрте айтқан болатын. Сондықтан, бұл жолғы Жолдау ел іргесін одан сайын нығайтып, Қазақстанның биік белестерді бағындыруына зор үлесін қосады деп сенемін, – деді Виктор Кист.

Президенттің биылғы Жолдауы ұстаздар мен оқушылар қауымына қатысты мәселерді де айналып өтпеді. Себебі, ғылым мен ілім дамыған, ұстазды ұлық деп бағалайтын мемлекетте даму болары бесенеден белгілі дүние. Олай болса, болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұстаздарды талпындыру да жолға қойылуы тиіс.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы – елімізді дамуға жетелейтін маңызды құжаттардың бірі һәм бірегейі. Бұлай деуге себеп те бар. Өз басым ауыл мұғалімі болғандықтан, ұстаздар мәселесіне қатысты көтерілген әрбір проблемаға құлақ түріп зейін қоямын. Ал, бұл жолғы Жолдауда ұстаздар қауымына қатысты аз мәселе айтылған жоқ. Ең бастысы, Президент өз Жолдауында – ұстаз имиджін жоғарылату турасында нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл – ұстаздар жалақысының жай ғана жоғарылауы емес, еңбегіне, төккен теріне, жеткен жетістігіне қарай қаржылай көтермелеуге ие болатындығы. Яғни, заманына қарай ұстаз да дамып, дағдыланып отыруы тиіс деген сөз, – деді Ақтоғай ауданының Шашубай кентіндегі мектеп-балабақша кешенінің (ресурстық орталық) директоры, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева.

Коалиция мүшелері Жолдауды бірауыздан қолдады. Қадиша Оспанова жиналғандарды халық арасында түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырып, «Қойылған міндеттерді жүзеге асыру кезінде əр азаматтың қатысуы маңызды. Ол үшін – қоғамды дайындау қажет», – деді ол.

Отырыс соңында «Қазақстан – 2050» облыстық коалициясы елге үндеу жариялау туралы шешім қабылдады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button