АймақБалқашМедицина

Оңалту орталығының орны бөлек

Балқашта облыстың түпкір-түпкірінен келген сал ауруына шалдыққан және туа бітті ақауы бар балаларға оңалту көмегі көрсетіліп келеді. Бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қабылдайтын мемлекеттік мамандандырылған орталыққа жүгінушілер жетерлік. Мұндағы жұмыстарды көзбен көру үшін арнайы бардық. Айта кетейік, орталық нысаны ретінде Балқаш-1 станциясында екі қабатты ғимарат қайта жаңартылды. Инженерлік коммуникациялар толығымен ауыстырылып, үй-жайларда қолжетімді орта қағидаты бойынша күрделі жөндеу жүргізілген. Баспалдақтарға арнайы көтергіштер орнатылған.

Суреттер автордан

Орталық осы уақытқа дейін қаладағы жүйке жүйесі ауыратын, тірек-қимыл аппараты зақымданған және басқа да кемістігі бар балалар мен жастарға әлеуметтік оңалту қызметін көрсеткен. Кейбір науқастардың денсаулығы жақсарған. Айталық, қимылсыз жандар жүріп, сөйлей алмайтындардың тілі шыққан. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық оңалту, әлеуметтік-мәдени, спорттық сабақтарды кешенді түрде жүргізуге, қызмет сапасын арттыруға жол ашып отыр.

Балаларға арналған оңалту орталығының басшысы Дина Жамбекованың айтуынша, орталық қызметкерлермен толық қамтылған. Педиатр, ортопед-травматолог, реабилитолог, психолог, невропатолог, логопед, дефектолог, музыка, дене шынықтыру мұғалімдері және басқа мамандар бар. Жаттығу терапиясы, физиотерапия, массаж бөлмелері жабдықталған. Монтессори бөлмесі қарастырылған. Ыстық ванна мен тренажерлер, гальванизация және электрофорез, магнитотерапия және тағы басқа аппараттар бар. Жатын бөлмелерде функционалды кереуеттер қойылған. Емделушілерге күніне бес мезгіл ыстық тамақ беріледі. Орталық 30 орынға есептелген. Көрсеткіштер бойынша балалар алты айға дейін осында ем ала алады. Оңалту кешені медициналық, әлеуметтік және педагогикалық тұрғыда тегін қызмет көрсетеді.

– Оңалту орталығының негізгі мақсаты психологиялық-коррекциялық тәрбие үрдісі балалардың санасын, ой-өрісін дамытып, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға әсерін тигізу болып табылады. Өзіне-өзі сенуі, мінез-құлқын өзгерте білу, өзін белгілі бір ортада ұстау дағдыларын меңгертуге күш саламыз. Қоғамға араласып, құқықтарының қорғалуына мүмкіндік туғызамыз. Оларды еңбекке үйретіп, өмірге икемді тұлға етіп қалыптастыруға жұмыс жасаймыз. Мұндай балаларды тәрбиелеу, оқу үрдісі білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мақсатты көздейді. Түзете-дамыту жұмысы және құжаттандыру құқықтық кеңесті қосқанда сегіз бағыт бойынша іске асырылады. Олардың ішінде негізгі бағыттар педагогикалық-психологиялық оңалту, медициналық-сауықтыра оңалту, әлеуметтік-педагогикалық кеңес жолға қойылған, – дейді Дина Жамбекова.

Орталықта бұған дейін Теміртау, Приозерск қалаларынан және Ақтоғай ауданынан тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық аурулары бар балалар болған. Қазір Теміртау қаласынан бір бала осымен екінші рет орталыққа жүгінген. Бұл туралы балаларға арналған оңалту орталық директорының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Гүлжанат Саматқызы айтып берді.

– Бұл жерде балаларды сауықтыруға, психикалық, эмоциялық жағдайын жақсартуға жағдай жасалған. Бейімдеу бойынша жақсы мамандар еңбек етеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөліп, ата-аналарға да қолдау білдіреді. Каникул кезінде 20 бала орталықта болды. Біздің арнайы ұйымдастырылған көлік оқитын балаларды үйінен алып кетіп, кешкілік жеткізіп тастайды. Қазір орталықтағы балалардың үлкені 17 жаста ал, кішісі – 4 жаста. Әзірге, алыстан келген балалар арасында Теміртаудан бір бала бар. Қалғаны жергілікті жерден. Орталықта бес рет тамақ беріледі. Ал, осында түнейтін балалар үшін алты мезгіл ас беріледі,– дейді Гүлжанат Саматқызы.

Байқағанымыздай, сырт алаңында спорт және ойын алаңы, мәдени шаралар өткізу үшін сахна орнатылған. Орталықта музыка бөлмесі, сондай-ақ, арнайы жабдықталған спорт бөлмесі де қарастырылған екен. Өйткені, қимыл-қозғалысы бұзылған жандар аяққа тұрып кету үшін мәдени шарамен, спортпен айналысып, арнайы жаттығуларды жасауы қажет. Бұл олардың қан айналымын жақсартып, бұлшық еттеріне жан бітіреді. Емделушілер үшін спорт бөлмесінен бөлек, ұсақ моторика дамыту бұрышы да қарастырылған.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button