Бас тақырып

Әнжинақта – ҚАСЫМ әндері

Қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдық мерейтойы аясында Қарағанды аймағында бірқатар тың жоба қолға алынды. Солардың бірі – ақын сөзіне жазылған әндер жинағын жарыққа шығару еді. Бұл бастама «Мағжан» баспасы мен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйытқы болуымен дәстүрлі «Қасым оқулары» республикалық байқауы аясында «Qasym seriyasy» арқылы жүзеге асты.

Дерекке сүйенсек, Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған әндер жинағы алғаш рет 1983 жылы ақынның қызы Дариға Аманжолованың құрастыруымен Алматы қаласы, «Өнер» баспасында «Бір күй бар домбырамда» деген атаумен оқырманға жол тартқан екен. Ал, дауылпаз ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы «Көңілдің күйін төгейік…» атты ән жинақ жарыққа шығарды. Оның құрастырушылары – Кагиза Сәдуақасова, Серік Сағынтай.

Аталған жинақтың алдыңғылардан ерекшелігі – Қарағанды өңірінің сазгерлерін қамтыған. Бұл екі жинақтан бөлек Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған әндер елуге тарта жинаққа енгізілген екен. Оның толық тізімін биыл жарық көретін «Қасым Аманжолов. Библиографиялық көрсеткіш» кітабына «Қасым өлеңдеріне жазылған әндер», «Нотолар» тарауында көрсетілген.

«Бір нәзік сәуле» жинағының ерекшелегі қырық бес әнді топтастырып отыр. Соның ішінде баспа бетіне тұңғыш рет шығып отырған туындылары бар. «Бір нәзік сәуле» ән жинағының музыкалық редакторы, нотаға түсіруші Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, «Сыр сандық» қазақ халық әндерінің антологиясын құрастырушы, «Бір мысқал» монографиясының авторы Қайрат Айтбаев. Алғысөзін жазған қазақтың көрнекті жазушысы Дидар Амантай.

Әдеби-көркемдік редакторлығын жасаған – жазушы Алмаз Мырзахмет.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен жарық көрген ән жинақтың тұсаукесер рәсімі «Қасым оқулары» республикалық дәстүрлі байқауы қарсаңында өтеді деп жоспарлануда.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button