Руханият

Нілдінің сыр-сандығы

Арқаға белгілі азамат, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмағали Мағзидің «Нілді: тарих және тағылым» деген монографиялық жинағы баспадан шықты. Кітаптың тұсауы Нілдінің, бүгінгі атауымен айтсақ – Өспеннің төрінде кесілді. Алаштың сұңқар Сәкені білім алған қасиетті топыраққа облыстық кәсіподақ орталығының өкілдері мен қаламгерлер, облыстық мәслихат депутаттары, автордың үзеңгілес достары бір көш болып барды. Жолды бастаған Жұмекең әп сәтте гидке айналып шыға келді. Монографияда жазылған тарихи орындарды көрсету үшін күре жолдан түсіп, күзгі жаңбырдан бусанып жатқан мылқау һәм маңғаз далаға ат басын бұрды. Қайран Нілді, ұлылығын ұлықтайтын перзентін күтіп-ақ жатыр екен! «Сыр сандық» ақтарылды.

Әуелі жұрт «Әлінің жалы» деп атап кеткен тауға бардық. Етегінде Әлімжан Байшағырұлы мәңгілікке дамылдап жатыр. Ол қазақ жерінде алғашқы болып кәсіподақ ұйымын құрған. Мысқа толы Нілдінің тереңіне бойлаған кеншілердің құқығын қорғаған қайраткер.

Ақсақалдар марқұмның рухына құран бағыштады. Содан кейін, Жұмағали мыр­за жастарға Әлекең жөнінде кеңінен тарқатып айтып берді.

– Тарихта «Әлінің ереуілі» деген бар. Әлімжан Байшағырұлы құқығы тапталған кеншілердің басын қосып, бүтін бір Өспен кенішінің жұмысын тоқтатқан. «Бізге 8 сағаттық жұмыс күнін беріңдер, еңбекақымызды көбейтіңдер, мектеп ашыңдар» деп Ресей патшасына петиция жазған. Осы ереуілдің арқасында 1906 жылы Өспенде орыс-қазақ мектебі ашылған. Жалпы айтқанда – бұл ереуіл қазақ қоғамына орасан өзгеріс әкелді. Келер ұрпақ Әлімжан Байшағырұлының кім екенін білуі тиіс, – деді Жұмекең.

Бұл топырақта кәсіподақ қозғалысы бастау алған. Сәкеннен кейінгі Өспендегі биік тау – Әлі Байшағырұлы. Еліне қызмет жасаған заңғар тұлға.

«Әлінің жалынан» әріге кеттік. Өспеннен шамамен 10 шақырым алыста жатқан қазақ даласындағы тұңғыш кен байыту фабрикасына бардық. Атауы – «Сарысу байыту фабрикасы». Оңтүстік етегінде Сарысу өзені ағып жатыр. Бұны Өспен кенінің, Спасск мыс зауытының, Қарағанды көмір бассейндерінің иесі, ағылшын Нельсон Феел салдырған. Конструкторы – Уилфорд Уорделл. Құрылысы 1914 жылы басталып, 1916 жылы іске қосылған. 1919 жылға дейін жұмыс істеген. 1919 жылы жаңадан орнаған кеңес үкіметі қысым көрсетіп, кетуге мәжбір болыпты. Ағылшындар жаңа үкіметтен кен өндірудегі жаңа техналогияны жасырып қалу үшін нысанды жарып, өртеп кеткен деседі. Автордың сөзінше, бұл – тарихи жәдігер. Қазақстандағы өнеркәсіптің тамыры осы жерден басталған.

Фабрика қыр басына салынған. Сарысу өзенінен суды сорғыш арқылы жоғарыға көтерген. Сол сумен Нілдіден келген руданы жуған. Өңделген мысты түйеге, өгізге жегілген арбалармен Спасскке жеткізген.

Қабырға тау тасынан қаланған. Маңайында түрлі түсті тастар әлі де шашылып жатыр. Бұны тарихи жәдігер деуге толық негіз бар. Көкейде «бұл жер неге мемлекеттің қарауына алынбайды» деген заңды сауал туды. Сауалды Жұмекеңе жолдадым. Қайраткер азамат ендігіде осы шаруаны қолға алатынын жеткізді. Нілді топырағында бір өңірдің ғана емес, бүтін бір ұлт тарихы үнсіз жатыр. Монографиялар жинағының маңызы да осында.

Жусаны мен селеуі самалмен тербелген жұмбаққа толы даладан Өспеннің мәдениет үйіне бардық. Ол жерде кітаптың тұсауы кесілді. Автор оқырманға кітапты таныстырды. Рәсімнің шымылдығы Сәкен Сейфуллиннің әндерімен ашылды. Оқырман сауал қойды, авторы жауап берді. Жиында Шет ауданы әкімінің орынбасары Орал Зәмірбекұлы сөз алды.

– Жұмағали Мағзидің бұл кітабы біз үшін аса құнды. Себебі, мұнда бүтін ұлт тарихының бір бөлігі жатыр. Нілді топырағында орасан бетбұрыстар жасалған. Жұмағали мырза монографиясын тарихи деректерге сүйене отырып жазған. Тың деректер көп. Бұл еңбек өзге де ізденістерге арқау болары сөзсіз. Авторға күш-қуат тілейміз. Бұдан басқа тақырыптарды қамтып, ел тарихын түгендеуге үлесін қосатынына сеніміміз зор, – деді Орал Зәмірбекұлы.

Жұмағали Мағзидің бұл еңбегі талай ғалымға, тарихшыға азық болары сөзсіз. Өйткені, мұндағы деректер «Сарысу байыту фабрикасының» иесі Нельсон Феелдің 1916 жылы Нью-Йоркте жазылған «Орыстар және көшпенділер» деген кітабынан алынған. Бұл құнды кітап Жұмекеңнің қолында бар. Ағылшынша жазылған. Жұмағали мырза түп нұсқадан қазақшаға тәржімалаған. Өзге де әдебиеттер пайдаланылған.

Жұмағали Мағзи осыған дейін «Тарих таразы» атты кітап жазған. Мұнда да ұлт тарихының бір бұрышы ашылған. «Нілді: тарих және тағылым» кітабының да айтары көп. Жұмекеңнің еңбегі елеусіз емес. Азаматын қадірлеген елдің ері қошеметке бөленіп жүр. Республикалық кәсіподақ федерациясының алтын төсбелгісін алды. Бұдан өзге де марапаттар баршылық. Бірақ, Нілдіге сапар кезінде Жұмекеңнің әңгімесін тыңдап отырып, оның атақ, даңқ, құрмет үшін еңбектеніп жүрмегенін түсіндік. Мақсаты айқын: бойдағы күш-қуатымен 70 жыл бодандықта тұншыққан ақиқатты жарыққа шығарамын деп шырылдап жүр.

Нілдінің сапары осындай болды. Әлімжан Байшағырұлының ғұмырынан тағылым алдық. Қазақ даласындағы өнеркәсіптің бастау алған жерін көрдік. Ізденіс жолына түскен талапты ердің әңгімесін тыңдадық. Жол үстіндегі әңгіме құнарлы болады. Мынау жұрттың қайғысын да, қуанышын да көрген мылқау далаға қарап отырып, тарихты тыңдаған тіпті, ғажап. Сәкен Сейфуллин сауатын ашқан мектепке баруымыз мүлде бөлек, ғаламат әсер етті. Ғимаратты Әлімжан Байшағырұлы 1906 жылы салған. Қазір музей болып тұр. Сәкен Сейфуллин оқыған сынып та – құнды мұра. Қабырғасы бәрі сол беті. Алаштың тарихына қызыққанның бәрі осында ағылады.

Нілдіден зілді ойлармен аттандық. Жұ­ме­кеңдей азаматтар болса, мұнда сыр көп. Шет ауданы

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button