Өнертапқыштар талғамы тамсантты

               Жаңаарқада аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен оқушылар арасындағы І аудандық робот техникасы фестивалі – бағдарламалау және инновациялық технологияларды меңгеру машығын айқындайтын «EduRobot.ZH» сайысы өткізілді. Бәсекелі жарыс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізу» мәселесін өз Жолдауында басты міндеттердің бірі ретінде көрсетуіне орай, жас буынның өркениет үрдістеріне қызығушылығын арттыру мақсатына негізделді.

Оқушыларды озық ой айдынына жетелеп, зияткерлік қабілетін шыңдауды мұрат тұтқан іс-шараның ашылу рәсіміне аудандық білім бөлімінің басшысы Тілеш Әштаев пен облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Дулат Ақылтаев қатысып, сөз сөйледі. Өзгеше бітімдегі байқауға қатысушыларға дем берушілер қатарында сондай-ақ, жоғарыда аталған облыстық орталықтың өзге де өкілдері мен аудандық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдардың басшылары болды.

Жарыс барысында құрамында жалпыбілім беретін орта мектептердің 80 оқушысы бар 10 команда «Ме­хани­калық сумо», «Зияткерлік сумо Lego Mindstorms және Arduino», «Кегель­ринг», «Шығармашылық «Сервистік робот», «Роботтар және табиғат», «Ла­­биринт» және осы тектес басқа да санаттар бойынша өзара сайысқа түсті. Бүкпесіз айтсақ, жас өрендердің тал­ғамы мен төлтума робот техникаларын жасаудағы табысы тамашалау­шы қауымның таңдайын қақтырды. Бәсекелі жарыста, әрине, басқалардан үздіктердің ерекшеленіп шығары хақ. Біліктілігі биік, құзырлы қазылар құрамы сайыстың түпкі нәтижесін жариялап, әр бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдерін атады. Мерейі өскен балғын өнертапқыштар арнайы дипломдар және сертификаттармен марапатталды.

– Осы жарыс арқылы біз балалардың замана талабына сай инновациялық жаңа технологияға ерекше ықылас қоятынын айқын аңғардық. Енді бұл сайысты жыл сайын өткізуге мүдделіміз. Оқушылардың шеберлігін ұштауға мектептердегі робот техникасы зертханаларының тигізіп отырған әсері өлшеусіз. Бүгінгі таңда білім ошақтарының осындай кабинеттермен жарақтандырылуы 43,3 пайызды құрайды. Биылғы оқу жылында заманауи жабдықтар тағы да 13 мектепке орнатылып, аталған деңгей 100 пайызға жетуі тиіс. Межелі көрсеткішке қол жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар, – дейді фестивальді ұйымдастырушылардың бірі, аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақыт Ташимбаева. – Қуанышты жайттың бірегейі – сайыс жеңімпаздары алдағы уақытта ІV Халықаралық робот техникасы фес­тивалі – бағдарламалау және инновациялық технологиялар «RoboLand 2018» байқауында бақтарын сынайтын болады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.