Өнерпаздар – көкпар алаңында

Тәуелсіздіктің – 30 және Халық ақыны Жамбыл ЖАБАЕВТЫҢ 175 жылдығына орай көкпардан «Өнер көкпары» республикалық турнирі өтпек. Облыс намысын қорғайтын «Qaraģandy» командасының өнер өкілдері тұңғыш рет көкпар алаңында бақ сынамақшы. Аталмыш турнир сәуір айының 6-7-сі аралығында Таразда өтеді деп жоспарлануда.


Байрақты бәсекенің тізгінін ұстаған – Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы. Турнирде Қарағанды, Шымкент, Алматы, Ақмола, Нұр-Сұлтан қалаларының өнерпаздары бақ сынасады. Қатысушылардың қатарында елге белгілі композитор Бауыржан Есебаев, белгілі актер Мадияр Серікбаев, танымал кино жұлдызы Тәуекел Мүсілім, Қазақстан дауысы жобасының жеңімпазы Шаһаризат Сейдахмет, әнші Бағлан Әбдірайымов, Серік Ибрагимов және өзге де белгілі асабалар, музыканттар өнер көрсетпекші.
– Жоба Altais Group демеушілігімен іске асуда. Елге танымал өнерпаздар арқылы ұлттық спортты халыққа кеңінен насихаттау мақсатында өткізіп отырмыз. Командалар 2 топқа бөлініп өнер көрсетеді. Әр командада 10 адамнан. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілмек, – дейді ұйымдастырушылар.
Әнші, композитор Саят Әбдіғали бастаған «Qaraģandy» командасының құрамында
Ерік Тезекбаев (команда капитаны), Данияр Дүйсенбаев (әнші, асаба), Бауыржан Жанатов (әнші), Қуаныш Советов (әнші), Дәурен Айтжанов (әнші, асаба), Сұлтан Тілеубеков (әнші), Асан Әбдіразақов (күйші), Ерлан Сепкрай (әнші), Әмірхан Беркінбаев (асаба) және Айдос Садық (режиссер, блогер) сынды жігіттер бар.