Білім

Өнерлі өрендер өлкесінде

Биыл ақын, драматург, қазақтың қайраткер ұлы, «ЕСЕП» партиясын құрушылардың бірі Бүркіт Ысқақұлының туғанына – 100 жыл. Ұлағатты ұлт перзентінің мерейтойы аясында Абай атындағы облыстық бабалар кітапханасы 2024 жылдың наурыз бен қазан айы аралығында «Шабыт шуағы» облыс­тық сахналық қойылым байқауын жариялаған болатын.

СУРЕТТЕ: №36 мектептің оқушылары жетекшісімен бірге

Сол байқаудың ақтық сынына шыққан 10 қатысушы ұжымның сахналық қойылымдарын ел назарына ұсынып, шеберлік байқатты. Аталған қорытынды әрі марапаттау кеші С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының кіші залында дүркіреп өтті.

Қатысушылардың қойылымына Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген Бүркіт Ысқақұлының қызы, қазақ радиосының ардагері Айгүл Бүркітқызы, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің докторанты, бүркіттанушы Әділет Жағыпар, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Баян Ибраева, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, С.Сейфуллин театрының актері, режиссер Бекмұхамед Киекбаев қазылық етті.

Әр ұжым өздерінің мығым дайындығын паш етіп, жүлдеге лайықты екендігін дәлелдеуге тырысты. Қазылар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады.

Облыстық «Шабыт шуағы» облыстық сахналық қойылым байқауында I орынды Нұра ауданы, Изенді ауылының оқушылары иеленсе, ІІ орынды Ж.Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары жеңіп алды. Жүлделі ІІІ орынға Осакаров ауданы, Молодежный кентінің және №36 мектептің оқушылары жайғасты.

Сондай-ақ, «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік образ», «Үздік қойылым», «Үздік декорация» аталымдарымен №53 мектеп-лицейінің, М.Мамыраев атындағы №68 мектеп-интернатының, Приозерск қаласы №2, Ғ.Мұстафин атындағы және Ақтоғай ауданы К.Байсейітова атындағы мектептің оқушылары марапатталды.

Бүркіт Ысқақұлының қызы Айгүл Бүркітқызы шалғай ауылдардан келген талапты балаларға өз атынан қаржылай сыйлық тарту етті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы дипломы мен қаржылай сыйлыққа ие болды. Қалған қатысушыларға Алғыс хат берілді.

Өз тілшімізден.
Сурет ұйымдастырушылардан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button