Қазақ тіліндегі салалық терминдерді қалыптастыру мәселесі қаралды
Тілдің өміршеңдігі оның ғылымда, өндірісте және технология саласында еркін қолданылуымен өлшенеді. Жаңа терминдерді қазақша қалыптастыру мен салалық атауларды біріздендіру бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар «Сөзжасам» жобасының қорытынды дөңгелек үстелінде сараланды.

Жиын қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға арналды. Кездесуге тіл білімі, жоғары білім беру, техникалық және өндірістік салалардың өкілдері қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамыту, өнеркәсіп саласындағы терминдерді біріздендіру, аудармасы табылмаған сөздердің қазақша сауатты баламасын қалыптастыру. Қазақ тілінің лингвистикалық әлеуетін дамытып, оның қоғамдық және кәсіби ортадағы қолданыс аясын кеңейту көзделген.
Дөңгелек үстел барысында терминологияны дамыту мәселесі бірнеше бағыт бойынша талқыланды.
– Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминологияны дамыту – бір күнде шешілетін мәселе емес, үздіксіз ізденіс пен жүйелі жұмысты қажет ететін күрделі үдеріс. Қазіргі таңда Республикалық терминология комиссиясының мәліметінше, ғылым мен білімнің түрлі саласында әлі де аударылмаған 360-400 мыңға жуық термин бар. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету үшін жыл сайын кемінде 2 мың терминді қазақша қалыптастыру міндеті қойылған. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуын ескерсек, бұл көрсеткіштің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін.Меніңше, термин жасаудағы басты мәселенің бірі – тіл мамандары мен салалық сарапшылар арасындағы байланысты күшейту. Белгілі бір саланың терминін сол бағыттың мамандарының қатысуынсыз аудару оның бастапқы мағынасын бұрмалауы мүмкін. Мәселен, өндіріс, медицина, техника немесе музыка саласындағы ұғымдардың өзіндік ерекшелігі бар. Терминдерді қалыптастыруға сол саланың мамандары тікелей атсалысуы қажет. Қазіргі терминология саласындағы ұстаным да осыған бағытталып отыр.Термин жасаудың түрлі тәсілі бар. Кейбір сөздерді тікелей аударуға болады, енді бірінің мазмұнын, қызметін немесе шығу тегін ескеру қажет. Тағы бір маңызды мәселе – терминдердің бірізді қолданылуы. Кейде бір ұғымның бірнеше баламасы қатар қолданылады. Бұл кәсіби ортада түсінбеушілік тудыруы мүмкін. Ұсынылған терминдердің ғылыми негізділігіне, қолданысқа жарамдылығына және мағыналық дәлдігіне баса назар аударған жөн. Асығыс әзірленген, сапасыз сөздіктер мен негізсіз аудармалар тілдің дамуына кері әсер етуі ықтимал, – деді лингвистика және құқықтық терминология орталығының бас ғылыми қызметкері Болат Сыздық.
Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында техникалық мамандарды даярлау барысында салалық терминдерді біріздендіру мәселесі қарастырылды. Бұл тақырып бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Пайдалы кен орындарын қазып өндіру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нұрбол Бахтыбаев баяндама жасады.
– Терминдерді біріздендіру білім беру мен өндіріс саласы үшін аса маңызды мәселе. Себебі, бір ұғымның бірнеше нұсқада қолданылуы студенттердің білім алуына да, ғылыми жұмыстарды бағалауға да қиындық туғызады. Өз тәжірибемде мұндай жағдайларды жиі кездестірдім. Мәселен, бұрын қазақ тіліндегі оқулықтар мен терминологиялық сөздіктерде бірізділік болмағандықтан, студенттің зерттеу жұмысының мазмұнынан гөрі қолданған терминдеріне көбірек мән берілетін. Соның салдарынан жұмыстың негізгі құндылығы назардан тыс қалатын кездер де болды.Терминнің өміршең болуы оның түсінікті, айтуға жеңіл әрі мағыналық тұрғыдан дәл болуына байланысты. Егер ұсынылған балама сөздің логикалық негізі дұрыс болса, оны оқу үдерісінде де, өндірісте де қолдану жеңілдейді. Мәселен, тау-кен өндірісі саласында қазақша қалыптасқан бірқатар атауларды мамандар күнделікті жұмыс барысында еркін пайдаланып жүр.Меніңше, термин жасауда тіл мамандары мен сала өкілдерінің бірлескен жұмысы шешуші рөл атқарады. Лингвист сөздің тілдік заңдылықтарын ескерсе, салалық маман оның нақты мазмұны мен кәсіби қолданысын түсіндіреді. Осы екі бағыт тоғысқанда ғана ғылыми тұрғыдан негізделген әрі тәжірибеде қолдануға жарамды терминдер қалыптасады. Ұсынылған терминдерді бірден оқу үдерісіне енгізбей, алдымен терминологиялық комиссия деңгейінде қарастырып, кейін тиісті сала мамандарымен талқылап, тәжірибеде қолданысын тексеру қажет, – деді Нұрбол Бахтыбаев.
Жиында «Сөзжасам» жобасының өндірістік терминдерді біріздендірудегі рөліне де назар аударылды. Қарағанды облысының Тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игeнова жобаның өңірлік деңгейде жүзеге асырылу барысы мен маңызын таныстырды.
Жалпы, ғылыми-техникалық терминологияны қазақ тілінде қалыптастыру – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтумен қатар, оның заманауи ғылым мен өндіріс талаптарына бейімделуіне жол ашатын маңызды бағыт. Әсіресе, жаңа технологиялар мен инновациялық үдерістер қарқынды дамып жатқан кезеңде кәсіби ұғымдардың қазақша баламасын қалыптастыру және оларды ортақ жүйеге түсірудің маңызы арта түседі.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



