Жаңалықтар

Өнерді өрге сүйреген

Қарқаралы таңғажайып табиғатымен бірге өнері мен мәдениеті арқылы танымал. Ал, сол өнерді танымал еткен тұлғалардың бірі де бірегейі – Раушан Рашидқызы ЖЫЛТЫБАЕВА.

Ол еңбек жолын 1975 жылы ауылдық клуб меңгерушісі болып бастаған. 1983-1988 жылдары Алматыдағы қыздардың мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, 1986-1997 жылдары сол кездегі Егіндібұлақ аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры болып қызмет атқарды. 1997 жылы Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдер бөлімін басқарып, ауданымыздың өнері мен мәдениетіне үлкен серпіліс әкелді. Раушан Рашидқызы осы жылдары өнер мен мәдениеттің нағыз жанашыры, шебер ұйымдастырушы екендігін көрсете білді, жаңашыл бетбұрыстар жасады. Қарқаралының киелі сахнасына шырай берген концерттер, мерейімізді үстем еткен мерейтойлардың басы-қасында болып, Қарқаралының қызы деген салтанатты атқа кір келтірген жоқ. Ерлермен бірдей атқа қонды. Өмірден өткен мәдениет және өнер қайраткерлері туралы да қалам тербеп, естеліктер арнады.

Міне, Раушан Рашидқызы Хабиба апамыз жайлы былай деп тебіренген еді: «Қош бол, асыл апам! Ардақты ана, елдің анасы, халықтың тілеуқоры Хабиба апамның өмірден өткені мен үшін күтпеген жайт болды. Ғасыр жасаса да мен үшін Хабиба Елебекованың орны бөлек. Алғаш рет ол кісімен мәдениет жанашыры – Рымбала Омарбекованың ұйымдастыруымен өткен Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әншілердің облыстық байқауында танысқан едім. Бұл 1994 жылдың мамыр айы болатын. Туған жеріне келіп, елімен қауышқан Хабиба апам бір жасап, арқа-жарқа болды. Киелі туған топырақтан жары Жүсіпбектің ізбасарлары бар екенін көріп қуанды. Туған елден риза көңілмен аттанған асыл апам сол жолы маған ақ батасын берді».

Раушан кісіден көңілінің сәулесін аямаған, сұлулық пен жақсылықты серік еткен асыл Хабиба апасымен Қарқаралының арасында алтын көпір бола білді. Бұл да Раушанның парасаттылығы, өнерге, өнерлі тұлғаларға жанашырлығының бір белгісі.

Қарқаралының өнері мен мәдениетінің деңгейін паш етіп, алыс-жақынға сауын айтқан дүбірлі тойлардың өз деңгейінде өтуіне Раушан Рашидқызының сіңірген еңбегі баршамызға аян. Ауданымыздағы «Салтанат» ән-би ансамблі, Қарқаралыдағы Атығай Шанин атындағы, Мақат Рымжанов атындағы «Абыз», Арқалықтағы халық театрлары, Егіндібұлақтағы Тәттімбет атындағы оркестр, Бүркітті ауылындағы «Жас дәурен» оқушылар оркестрі, Қарқаралыдағы «Қайран жастық», Егіндібұлақтағы «Замандастар» ардагерлер өнер ұжымы республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары атанды.

Раушан Рашидқызы жанына жақсылар мен жайсаңдарды жинай білген жан. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекованы ұстазы санап, өнер адамдары Кенжеғали Мыржықбаев, Мақпал Жүнісова, Гүлбаршын Тергеубекова, Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемелов сынды тұлғалармен қатар, ғалым Зарқын Тайшыбай және ардагер журналист Сағат Батырхановамен бүгінгі күнге дейін етене араласып келеді.

Тектілік Раушанның бойына әкесі мен анасынан дарыған. Анасы Ғазиза Кәріпжанқызы Раушанның алаңдамай еңбек етуіне зор аналық үлесін қосқан жан. Қарқаралыға келген өнер адамдарының Раушанның анасының қолынан дәм татпағандары кемде-кем. Барлығына аналық жүрегімен батасын беріп, Раушанына өнер адамдарын жақын тарта білді.

Раушан Рашидқызы мәдениет бөліміне басшылық жасаған жылдары аудандағы селолық клубтар саны 4-тен 31-ге, кітапханалар саны 25-тен 50-ге жетті.

Ол ауданның мәдениет бөлімін 20 жыл үзбей абыройлы басқарған бірінші адам. Сондықтан, Раушан Қарқаралының ардақты азаматы, қайсар қызы, қажырлы еңбегімен елінің алғысына бөленген халық қалаулысы, өнерді өрге сүйреген ару.

Раушан Жылтыбаеваның өнер мен мәдениетке қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 2001 жылы Мәдениет қайраткері атанды, 2002 жылы Мәдениет министрінің грамотасымен марапатталды, 2003 жылы облыстық мәдениет саласының үздігі атанды. Ал, 2014 жылы Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына ие болып, 2014 жылы «Мәдениет және өнердің ең үздік менеджері» атағын жеңіп алды.

Бүгіндері әлі де мәдениет саласынан алшақ кетпей еңбек етіп жүрген Раушан Рашидқызы наурыздың жайсаң күндері мерейлі жасқа толып отыр.

Қарқаралының өнерсүйер жұртшылығы атынан Раушан Рашидқызын шын жүректен мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол бақыт тілеймін!

Тілек СӘДУАҚАСОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button