Өнердің өнегелі ордасы
Өнер тазалықты талап етеді. Сыртқы болмысыңнан бөлек ішкі әлеміңде таза болуы тиіс. Әр істеген ісіңнің берекелі болуы ниетіңе байланысты. Өз басым осы ұстаныммен жүрген жанмын. Кешегі кеште бойларында жалыны мен рухы бар жастарды “Кәусар” өнер мектебі өз ұясынан қанаттандырды. Әр топта оқып жүрген шәкірттерімізбен қуанып қауышып, қимай қоштасамыз.
“Кәусар” өнер мектебінің бастапқы бағыты еліміздің ертеңі, кемел келешектің кепілі болатын жастарды өнерге, мәдениетке қадам басуына алғышарт жасау, руханияттылықты дамыту. Бойында жалыны бар өнер өлкесінің табалдырығын аттауға келген кез келген жанның тұлғалық болмысын қалыптастыру. Сонымен қатар, қоғамдағы өзінің орнын табуға көмектесе келе, отбасы мен отан алдындағы жауапкершілігін түсіндіру.
“Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” дейді. Ізгілік нұрын себетін ұлағатты, өнер жолында жасаған жақсы істері бар бетке ұстар мәдениет пен өнер жанашыры ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актері, мектебіміздің шығармашылық жөніндегі көркемдік жетекшісі – Бекмұхаммет Мұқатайұлы Киікбаев біздің шәкірттеріміздің үлгі тұтатын, бой түзейтін аға ұстазы. Ағайымыз “Актер шеберлігі мен сахна тілі” сабақтарын оқытады.
Орталықтың болашағының жарқын боларына кәміл сенеміз. Себебі бүгінгі таңда қаламызда, ана тілімізде дәл біздің мектеп сияқты баланың өнерін жан – жақты аша түсетін, тұлғалық болмысты қалыптастыруға септігін тигізетін мектеп жоқ. Болашақта аспаптық бөлімдер ашуды да ойластырудамыз. Бұл мектептің өсіп өркендеуін республикалық деңгейге жеткізіп, басқа да қалалардан филиалдарын ашқымыз келеді. Ең бастысы алға қойған арман, мақсаттарымыз айқын.
Диас Қайрат,
“Кәусар” өнер мектебінің түлегі.