Басты тақырыпТеміртау

Өнегелі отбасы – ел байлығы

  Татулықты ұран еткен әрбір қазақстандық отбасының еліміздің «Мәңгілік Ел» атануына қосар үлесі сүбелі. Сол отбасыларды көпке үлгі ететін өнегесі мол «Мерейлі отбасы» сайысы да – берекелі өмірдің бір нышаны.

Атап өткен жөн, аталмыш шара 2013 жылдан бері Елбасының бастамасымен еліміздің тұрғындарына бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттай отырып, өнегелі отбасылардың қатарын көбейтіп келеді. Мерейлі отбасыларды құттықтау салтанатында Елбасы: «Шаңырағы биік, босағасы берік қазақстандық отбасы қоғамның тұрақты дамуының және мемлекеттің өсіп-өркендеуінің бұлжымас кепілі. Адам бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттер, жас ұрпақ пен аға буынға қамқорлық, жасампаздық пен қайырымдылық сияқты рухани адамгершілік құндылықтар мен өмірлік бағдарлар отбасында қалыптасады» деген болатын.

Осы мақсатта республикалық сайыстың қалалық кезеңдері басталды. Теміртау қаласында жалғасын тауып, тұрғындар облыстық сайыста металлургтер қаласының намысын қорғайтын отбасын анықтады. Сайысқа «Біз өмірде табысқа қол жеткізсек, бәрі де – еңбек пен өнердің арқасы» дейтін Теміртау қаласының еңбекшіл тұрғындары қатысты. Атап айтсақ, Куриленко, Тыщенко, Доброскок, Касапиди, Гежа, Окиловтар әулеттері өздерінің отбасы мүшелері жөнінде бейнекөрсетілімде кеңінен таныстырды. Мысалы, Теміртау қаласына металлургтер династиясы ретінде белгілі Окиловтар отбасы ұйымшылдықтың құпиясын: «Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя әрі үлгі-өнеге бастауы. Біздің отбасының берік ұстанымы бірлік пен ынтымақ» дейді. «Ұйымшыл отбасы» атанған әулеттің барлық мүшесі алдағы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне жеңіп алған жолдамамен бармақ.

Сайыста Окиловтар отбасы секілді түрлі аталымда марапатталған жеңімпаздарға «ЭКСПО –2017» Халықаралық көрмесіне тегін жолдама, «Жастар» жүзу бассейніне, «Олимпия» фитнес-клубына сертификаттар және ескерткіш сыйлықтар табысталды.

Теміртау қаласының атынан облыстық кезеңге Куриленко отбасы жолдама алды. Отбасының ауқымы үлкен, тамыры тереңге жайылған. Әулет басшысы Николай Куриленко – Ұлы Отан соғысының ардагері болса, Мария Федоровна – тыл ардагері. Өткен жылы отау құрғандарына 65 жыл толып, Николай Семенович 90 жасқа келген мерейтойын атап өтті. Бүгінгі таңда 10 немере, 7 шөбере сүйіп отырған Николай Семенович: «Отбасында Отанға деген сүйіспеншілік алдымен, ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Сол берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Онда әрбір адамның туыстық қатынасқа байланысты белгілі міндеттері бар. Басты тірегі мықты болса, өнегелі отбасы қалыптасады. Бақыттың басты кілті отбасындағы сыйластық пен мейірімділікте», – дейді.

Сондай-ақ, салтанатты жиында Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Спабеков алты-жеті баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген аналарды марапаттады. Жаңагүл Түлекова және Патима Уразова «Алтын алқамен» марапатталса, алты баланың анасы Нұргүл Ибраева және Шаригүл Нұрмановаға «Күміс алқа» табысталды.

Аналар қауымы көрермен қатарынан орын алған жас отбасылардың жаңа өмірге аттаған қадамдарына сәттілік тіледі. «Мерейлі отбасы» секілді ғибраты мол сайыстардың жиі ұйымдастырылу қажеттілігін тілге тиек етті.

Аяулым СОВЕТ

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button