Руханият

Өнегелі өмір өрнегі

Қазір қаржың болса, кітап шығару оңай. Бірақ, ол кітапты оқырман қажет ете ме? Мәселен, ақын Тұрсын Жұмаш қысқа ғұмырында жалғыз жинақ шығарыпты. Бірақ, сол кітапты іздеп жүріп, кезекпен оқиды жұрт. Бұл – әркімге бұйырмайтын бақ. Қолымыздағы «Өмір өрнектері» кітабын да таптыр­майтын құнды туынды дер едік. Кітап авторы филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзиннің арзан сөзге әуес еместігі кітаптан анық аңғарылады.

Кітап Қарағанды қаласындағы TENGRI баспаханасында қатталыпты. Редакторы – Әлімжан Жақан. Жинаққа әр кездері жазылып, оқырманға ұсынылған публицистикалық мақалалар енгізілген. Тілі шұрайлы, тың дерекке бай кітаптан оқырман өзіне қажетті біраз ақпарат алады деп ойлаймыз.

Мәуен Хамзин ағамыздың осы бағытта жіті зерттеп жазылған дүниелері елдің көкейінде жүрген біршама сауалға жауап табары анық.

Мәселен, «Ақсұңқар қайта қонбас ұшып кеткен», «Намыс отына өртеніп өлген өрт ақын», «Ірілік пен асқақтық феномені», «Тамыршы», «Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай», «Зұлмат жылдар сыр шертеді» сынды тұшымды мақалаларында көптеген құнды деректер бар. Тақырыбы айтып тұрғандай, архив деректеріне сүйеніп жазылған мақалалар тарихымыз­ды тануға, қазақтың небір саңлақтарының өмірі мен өнегелі жолын, қалдырған мұрасын бағамдауға мүмкіндік береді.

«Уақыт пен Кеңістік» деп аталатын тарихи-философиялық ұғымдар аясында бір жайт айрықша ден қоюымызды талап етеді: ол өмір – мұрат, өлім – ақиқат екені туралы қағида. Осыдан келіп, адамның барша болмысына үңілу, оның не үшін өмір сүретіні, ғұмыр кешудегі негізгі мақсатының мәні мен маңызы, мазмұны жайлы толғану туындайды. ХІХ ғасырда қазақ топырағында дүниеге келген, барша әлемдік деңгейдегі өзекті проблемаларды саралай келе, жалпы адамзат үшін ренессанс жасаған хакім Абайдың «толық адамы» қандай адам?» деп бастайды заң саласының атақты білгірі Сәтбек Дулатбеков туралы «Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай» тақырыбындағы мақаласын. Құрғақ сөзге ұрынбай, нақты өмірлік дәлелдермен жазылған мақала тұлғаның азаматтық болмысын жетік тануға жетелейді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button