Руханият

Өнегелі өмір, өр тұлға

Ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерінің биылғы мерейтойына орай Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының қызметкерлері «Туған өлке – тұнған тарих» атты өлкетану көрмесін ұсынады. Көрмеде тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы таныстырылмақ.

Биыл ұлы ойшыл, әйгілі ақын һәм өз заманының дана биі, Абылай ханның бас көмекшісі Бұқар жыраудың туғанына – 355 жыл. Бұқар жыраудың ұлттың рухани өре-деңгейін көрсететін бірегей шығармалары халық жадында. Абылай дәуірінде серігі болған батырлар Бұқарды ұлы адам және идеялық шабыткер ретінде құрметтеді. Көрмеге оның шығармалары жарияланған басылым, энциклопедия, сондай-ақ, кітапхана қорындағы ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығын кең көлемде дәріптейтін еңбектер қойылды.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Анатолий Билыктың 95 жылдығы. Анатолий Петрович көп уақытын монументалды өнерге арнаған.

Ол Қазақстанның көптеген қаласында жиырмадан астам ескерткіштің суретін салды. Көрмедегі «Художники Караганды» фото-альбомы, «Жизнь в искусстве» мүсіншінің шығармашылық-өмірбаяндық альбомы, «Мир глазами художника» өнертанушы Н.Иванинаның альбомы сияқты кітаптардан оның өмірі мен шығармалары туралы біле аласыз.

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, драматург Кеңес Жұмабековтің туғанына 75 жыл толады. Кеңес Нарымбайұлы Жұмабеков – театр үйірмелерінде өте танымал, ол ұзақ уақыт С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры және әртісі болған.

Бүгінде театрда жемісті еңбек етуде. Көрмеге оның мәдениет және театр өнері саласының ардақтылары жөнінде жазған «Елеулі есімдер» сериясындағы кітаптары ұсынылды. Әрине, атаулы даталармен биылға арналған әдеби күнтізбенің байлығы сарқылмайды. Көрме жыл соңына дейін жұмыс істейді. Көрме жаңа басылымдардың түсуіне қарай жаңартылып отырады.

Жәлел ШАЛҚАР,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button