Руханият

Құнды қазына құшағында

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында кітап оқу арқылы əлемге деген қызығушылық мектеп қабыр­ғасынан қалыптасуы тиіс екенін айтқан еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы дайындалды. Бұл – оқушылардың, кітапханашылардың жəне ата-аналардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мəдениетінің деңгейін арттыруға жəне оқуды насихаттауға бағытталған жоба. Жоба аясында «Менің сүйікті кітабым» атты республикалық челленджі Қарағанды қаласы №14 мектеп-гимназиясы базасында өткізілді.

Сурет ұйымдастырушылардікі

Челлендж Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Тоғыз айға тоғыз іс-шара» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында министрлік, республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана қолдауымен, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Ауқымды жиынға мектеп басшылары мен жергілікті ақын-жазушылар, ұстаздар және оқушылар қатысты.

17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалалар ZOOM платформасы арқылы онлайн қосылды.

Челлендж арқылы Астана қаласы Алматы қаласына «Менің атым Қожа» кітабын жолдаса, Алматы Шымкентке «Балалық шаққа саяхат» кітабын, ал, Шымкент қаласы Абай облысына, Абай облысы Ақмола облысына «Абайдың қара сөздерін» жолдады. Сонымен қатар, Көкшетау қаласы Ақтөбеге өз таңдауын нұсқады. Ақтөбе «Құлаған құпия» кітабын Алматы облысына жолдады. Батыс Қазақстан Жамбыл облысына «Ақ шағала» кітабын, Жамбыл облысы Жетісу облысына «Ұшқан ұя» кітабын аманаттады. Жетісу облысы Қарағанды облысына «Жабайы алма» шығармасын жолдады.

Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақыткүл Әбдікерова Қостанай облысына «Қасым Аманжоловтың» шығармаларын жолдады.

Одан әрі сөзді Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақыткүл Әбдікерова алды. Оқушылар мен қонақтарға Қасым Аманжоловтың шығармаларын арнайы таңдап алынғанын, жан-жақты түсіндіре отырып, «Қасым оқулары» байқауының облыстық және республикалық деңгейде өтетініне тоқталды. Жетісу облысы жолдаған «Жабайы алма» шығармасын өзі балалық шағында оқығанын әңгімелеп және сол шығарманы оқушыға сыйға тартты.

Мектеп оқушылары Қасым Аманжоловтың шығармаларынан үзінді оқыды. Мектеп ұстазы Дархан Оспанов дауылпаз ақынның «Өзіме» әнін орындады.

№61 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Дидар Төрекелдина ақын Қасым Аманжолов туралы құнды деректермен бөлісіп, оқушыларды патриот болу үшін ақынның шығармаларын оқуға шақырды.

Қасым ақынның жерлесі, ақын Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жанқашұлы Қасым ақынның өмірбаяны мен көптеген құнды мәліметтерін ортаға салды.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы Ғазиза Ғабдоллақызы сөз алып, қазіргі таңда жасөспірімдер кітап оқуға бет бұрғанын айта отырып, республика аясында «Бір отбасы – бір кітап» жобасы жүріп жатқанын тілге тиек етті. Жиналған қауымға «Менің сүйікті кітабым» жобасын жалғас­тыруды ұсынды.

Жиын соңында Бақыткүл Әбдікерова облыстық білім басқармасының мамандарына, челленджді тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырған мектеп директоры, тәжірибелі педагог Өрікбай Әріновке жеке ризашылығын жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button