Өндірістік революция өзімізден басталуы тиіс

           ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Қазақстан халқына Жолдауы өнеркәсіп саласындағы жекелеген мәселелерді шешуге мұрындық болар деген үміттеміз.

Мәселен, облыс орталығында Қарағанды құю-машина жасау зауыты бар. Жуырда аталған зауыттың қызметімен танысып, заманауи құрал-жабдықтарын зерделеп қайтқан едік. Бұл зауыт – өңіріміздегі машина жасау саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрі – тау-кен шахта құрал-жабдықтарын жасау мен жөндеу, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарын қосалқы бөлшектермен және машина жасауға арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Бірер жыл бұрын «Өнімділік – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Қарағанды құю-машина жасау зауыты (ҚҚМЖЗ) – «Maker» ЖШС жаңғырту» жобасы жүзеге асқан болатын. Жоба – кәсіпорынның станок паркінде өндірілетін өнім сапасы мен санын арттыруды көздейді. Бұл ретте, зауыттың неғұрлым заманауи роботтық құрал-жабдықпен жаңартылуы мақсат етіліпті. Бүгінгі күні 11,5 млрд. теңге сомасына 287 бірлік негізгі, қосымша және өлшеуіш құрал-жабдық орнатылып, пайдалануға берілді. Нәтижесі де көп күттірмеді. Егер 2015 жылы зауытта 3495,7 мың тонна өнім өндірілсе, өткен жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында бұл көрсеткіш – 6266 мың тоннаға дейін жетіп отыр.

Айтайын дегеніміз, аталған 287 бірлік негізгі, қосымша және өлшеуіш құрал-жабдықтармен жұмыс жасайтын мамандар тапшы. «Maker» ЖШС басшылығының айтуынша, зауыттың тиімді түрде жаңартылуының нәтижесінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар жетіспеуде. Бұл мәселені шешу мақсатында зауыт басшылығы ҚарМТУ және Алматы технологиялық университетімен меморандум жасасқан. Мұндағы мақсат – білікті кадрларды даярлап шығару. Себебі, күн сайын түрленіп, жаңарып отыратын цифрланған заманауи технологияны кез келген жоғары оқу орны түлегі алып кете алмайды. Өткен жылы қос білім ордасының «Машина жасау» факультетінде тәлім алатын 102 студенті аталған зауытта тәжірибеден өтіпті. Бұдан бөлек, зауыт басшылары шетелден жеткізілген құрал-жабдықтармен жұмыс жасай алатын жас мамандарды да даярлауда. Бұл ретте, білім беруге рұқсат ететін лицензия, шет мемлекеттерден келген оқытушылар, оқыту барысында керекті компьютерлер тағы бар. Басшылардың айтуынша, 1 маманды даярлап шығаруға кем дегенде 5 мың евро жұмсалатын көрінеді.

Сондай дейміз-ау, соқталдай-соқталдай білім ордаларының түлектерін қайтадан оқыту керек болса, несіне машина жасау факультеттері қажет? Осыған қатысты Жолдауда Президент «Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек» деп атап көрсетті.

Бұл аз десеңіз «Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3D-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі» дейді Президент. Отандастарымызды өндірістік-технологиялық ортаға бейімдеу – расымен де мектеп кезінен басталуы тиіс. Мысалды тағы сол жоғарыда аталған зауыт құрал-жабдықтарынан келтірейік. Онда «SIEMENS» компаниясының өнім бағдарламасы базасы бар. Яғни, конструкторлық-технологиялық жолмен өнім дайындаудың бірыңғай жүйесі енгізілген. Кәсіпорын мамандары 3D моделімен жұмыс жасау мүмкіндіге ие. Ал, бұл бастамаларды мектеп қабырғасынан бастап қолға алатын болсақ, өнеркәсіптік революцияға Қазақстан таяу жылдарда-ақ бейімделіп кетері сөзсіз.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.